16 мамыр 2022
Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!
№ 11 жоба. 2000–2021 жж. Ядролық қызмет қалдықтарына қол жеткізуді болдырмау. «Ақтамберді» алаңындағы объектілерді қорғауды күшейту
2000 жылы «Ақтамберді» алаңында және РБШ-да объектілерді қорғауды күшейту бағдарламасын іске асыру шеңберінде үшжақты негізде (Қазақстан Республикасы – Ресей Федерациясы – АҚШ) «Ақтамберді» сынақ алаңында орналасқан ядролық қызмет қалдықтарына (ЯҚҚ) рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмау және қосымша қорғау жөніндегі жұмыстар басталды. Жұмыстың мақсаты – жаппай қырып-жоятын қарудың (ЖҚҚ) таралу қаупін және терроризмді болдырмау еді.
Осы кезеңдегі жұмыстардың мақсаты – ЯҚҚ шығаруға жасалған кез келген әрекетке жол бермейтін немесе тоқтата тұратын физикалық тосқауылдар құру болды.
Зерттеулердің нәтижелерін талдау негізінде, рұқсатсыз қол жеткізуді анықталмаған ұзақ мерзімге болдырмауды, жұмыстардың радиациялық және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейтін негізгі талаптарды басшылыққа ала отырып, айтарлықтай ЯҚҚ мөлшері бар тәжірибелік ұңғымаларды жауып тұратын «қалпақ» типтес темірбетон құрылыс салу туралы шешім қабылданды. ЯҚҚ оқшаулауға арналған құрылыс салудың бірнеше нұсқасының ішінен сол жерге темірбетон «қалпақтарды» толықтай немесе ішінара тереңдете отырып салатын нұсқа таңдап алынды. Жұмыстардың бірінші кезеңінде ЯҚҚ бар ұңғымаларды анықтау бойынша алдын ала зерттеулер жүргізіліп, ЯҚҚ-ның елеулі мөлшері бар жекелеген ұңғымаларға верификация жасалды.
«Суыр» объектісі 158 тәжірибелік ұңғымадан тұратын, оның ішінде 35-інің құрамында ЯҚҚ бар ұңғымалық алаң болып табылады. «Суыр» объектісінде «қалпақ» салу үшін 4 қатар тақтадан құрылған құрылыс түріндегі, зауытта құрастырылған темірбетоннан жасалған конструкция таңдап алынды.
Темірбетон қалпақтың ауданы 3300 м<sup>2</sup>-ден асады, ал биіктігі шамамен 0,7 м. Конструкциядағы жол төсемі тақталарының саны – 1116. Үстіңгі қабаты арматуралық қаңқасы бар бетон тұтастырғымен күшейтілді.
Құрылысты сыртқы факторлардың әсерінен қорғау үшін ол тұтастай гидрооқшауландырылып, қалпақтың астындағы құм-қиыршықтас жастықта жер асты суларын тарту жүйесі орналастырылды. «Шомырт» объектісінде «Суыр» объектісіндегіге ұқсас жұмыстар жүргізілді. ЯҚҚ бар ұңғымалардың үстінде монолитті қорғаныс темірбетон қалпақтар салынды, арнайы ұңғымалардың айналасында диаметрі 50 см және тереңдігі 22 м болатын темірбетон ұңғымалар желісі құрылды.
«Шомырт» объектісінде ұңғымалар аумағының көлемі аз болуына байланысты барлық бетон жұмыстары жер белгісінің деңгейінен төмен жүргізіліп, барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін аумақ табиғи жер бедеріне сәйкес тегістелді. 2021 жылы ҚР ҰЯО америкалық DTRA сарапшыларымен бірлесіп зерттеулер жүргізгеннен кейін «Суыр» объектісінде физикалық тосқауылдарды күшейту бойынша шешім қабылдады. «Суыр» объектісінде жобаны іске асыру кезінде барлық барлық эксперименттік ұңғымаларды толық жабу үшін қолданыстағы физикалық тосқауылдар айтарлықтай кеңейтілді.
Әзірленген жобаға сәйкес темір бетоннан жасалған 2 қорғаныс құрылысын құру жұмыстары жүргізілді және «Суыр» объектісінің аумағында ЯҚҚ қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қорғалатын аумақ шегіндегі әшкерелеуші факторлар жойылды. Жоба бойынша жаңа темірбетон қалпақтар ескілерімен жіктестіріліп, біртұтас құрылым жасалды. 2004 жылы салынған құрылысқа бағалау жүргізіліп, оның элементтерінің тұтастығы расталды. Темірбетон қалпақтардың ауданы 2700 м<sup>2</sup>-ден асады, ал пайдаланылған бетонның көлемі 2100 м<sup>3</sup>-ден асады.
Құрылыстың қызмет ету мерзімін арттыру үшін барлық темірбетон қалпақтар геомембрананың көмегімен гидрооқшауланды. Осылайша, құрылыстың кепілдендік берілген қызмет ету мерзімі кемінде 80 жыл болады.
Жұмыстардың соңғы кезеңінде үйіндінің беткі қабатына топырақ-өсімдік грунтын қосу арқылы тегістеу жүргізілді.
Жауын-шашынмен шайылуды болдырмау үшін үйіндінің беткі қабаты тегістелді. «Суыр» және «Шомырт» объектілерінде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде барлық тәжірибелік ұңғымалар, оның ішінде құрамында ЯҚҚ бар ұңғымалар темірбетон «қалпақтармен» мықтап жабылды. Осылайша, жобаның негізгі мақсатына қол жеткізілді – «Ақтамберді» алаңында ядролық қызмет қалдықтарын шығарудың кез келген әрекетін болдырмайтын немесе тоқтата тұратын физикалық тосқауыл жасалды.
ЯҚҚ-ға рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмау бойынша орындалған іс-шаралар «Ақтамберді» сынақ алаңындағы экологиялық жағдайдың жалпы жақсаруына ықпал етті.
Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, «Суыр» операциясында алғаш рет үшжақты күш-жігермен «Ақтамберді» алаңы үлгісінде сапалы жаңа деңгейде терроризм мен ядролық материалдардың таралу қаупі жойылғанын атап көрсеткен жөн. Әр түрлі қиындықтарды бірлесіп жеңу және ымыралы шешім таба білу тәжірибесі алдағы уақытта одан да күрделі мәселелерді үш жақты негізде шешуге мүмкіндік берді.
05 желтоксан 2024
27 қараша 2024
27 қараша 2024
22 қараша 2024