AS057-Бурабай сейсмикалық станциясын жаңғырту


28 қазан 2025

2025 жылғы 13–22 қазан аралығында Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымы (ЯСЖТШҰ) мен ҚР Ұлттық ядролық орталығы мамандарының қатысуымен ЯСЖТШҰ Халықаралық мониторинг жүйесінің (ХМЖ) AS057-Бурабай сейсмикалық станциясын қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстарының соңғы кезеңі аяқталды.

2002 жылы сертификатталған AS057 станциясы Қазақстан аумағында жұмыс істеп тұрған бес ХМЖ станциясының бірі болып саналады. Бұл – он элементтен тұратын сейсмикалық топ және халықаралық жүйенің бастапқы станцияларын уақытша алмастыратын он бес қосалқы станцияның бірі. AS057 станциясы тұрақты түрде жоғары көрсеткіштерді көрсетіп, халықаралық REB (Reviewed Event Bulletin) оқиғалар бюллетеніндегі байланыстырылған фазалар саны бойынша ХМЖ қосалқы желісінің үздік станцияларының қатарына кіреді.
Жиырма жылдан аса қолданыста болған станцияның жабдықтары мен инфрақұрылымы айтарлықтай тозып, кешенді жаңартуды қажет еткен еді. 2023–2025 жылдары Қазақстан, Германия және ЯСЖТШҰ-ның ерікті жарналары есебінен инфрақұрылым ауқымды түрде жаңартылды. 

Жаңғырту аясында жаңа жерүсті аспаптық модульдері дайындалып, орнатылды, бұл жер асты үй-жайларының су басу мәселесін жоюға мүмкіндік берді; ескірген жабдықтар Nanometrics (Канада) фирмасының заманауи тіркеу жабдықтарына, соның ішінде дигитайзерлер мен үш компонентті сейсмометрге ауыстырылды; деректерді жинау және беру жүйелері, сондай-ақ орталық пункттің жұмыс станциялары жаңартылды. 

Жобаны іске асыру сейсмикалық мониторинг саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың тиімді үлгісі әрі Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың жаһандық верификация жүйесін нығайтуға қосқан маңызды үлес болды.

ЯСЖТЖҰ, ҚР ҰЯО мамандары мен Германиядан келген серіктестердің бірлескен жұмысы Қазақстан мен халықаралық қауымдастықтың бейбітшілікті, қауіпсіздікті нығайту және жаһандық мониторинг саласындағы ғылыми-техникалық әлеуетті дамыту ісіне адалдығын дәлелдейді.

ОДВЗЯИ сейсмическая станция СТВТО Международная система мониторинга (МСМ)