07 тамыз 2020
Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың (ХҒТО) басшылық кеңесінің 2020 жылғы шілдеде өткен 70-ші отырысы барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы дайындаған екі жобалық ұсынысты іске асыруға қаржы бөлу туралы шешім қабылданды
(http://www.istc.int/ru/article/24758).
«Қазақстанның орман экожүйелеріндегі климаттық өзгерістер мен топырақ жамылғысының ластануын зерттеу» атты бірінші жоба климаттың өзгеру проблемаларын зерттеуге арналған, іске асыру мерзімі 24 ай. Жұмыста қоршаған ортадағы радиокөміртегін зерделеу арқылы Қазақстандағы қоршаған ортаның климаттық өзгеру деңгейін және адамның антропогендік қызметінің осы өзгерістерге әсер ету дәрежесін зерттеу нәтижелері көрсетілетін болады. Мұндай зерттеулер өзгерістерге уақтылы ден қою стратегиясын әзірлеу, сондай-ақ адам мен қоршаған ортаны осындай өзгерістерге бейімдеу мақсатында Қазақстан климатының өзгеруін болжау үшін қажет.
«Жасанды радионуклидтердің қозғалғыштығы мен биоқолжетімділігі» атты екінші жоба ядролық жарылыстар жүргізілген жерлерде радиоактивті элементтердің болу формаларының таралуын зерделеуге, олардың биологиялық қол жетімділігін және геожүйелердегі қозғалғыштығын анықтауға бағытталған. Алынған нәтижелер адам мен қоршаған ортаға төнетін радиациялық қауіпті азайту мақсатында АЭС-тегі радиациялық авариялардан және әртүрлі радиациялық қауіпті объектілердегі штаттан тыс радиациялық жағдайлардан зардап шеккен аумақтарда радиациялық ахуалдың дамуын болжамды бағалау үшін қолданылатын болады.
Анықтама үшін. Халықаралық ғылыми-техникалық орталық (ХҒТО) – Қазақстан, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан және Грузия ғалымдары мен олардың ЕО, Жапония, Корея Республикасы, Норвегия, АҚШ-тың зерттеу орталықтарындағы әріптестері арасында іскерлік байланыс орнататын үкіметаралық ұйым. ХҒТО халықаралық ғылыми жобаларды іске асыруға ықпал етеді, сондай-ақ жаһандық ғылыми және іскерлік қоғамдастыққа бірлескен әзірлемелер мен озық пәнаралық зерттеулер жүргізу үшін бірегей ғылыми ноу-хауы бар қатысушы елдердің институттарын тауып, іске қосуға көмектеседі. ХҒТО ресурстарының басым бөлігі ғылым мен технологияларды өткеннен қалған проблемаларды шешу үшін қолдануға, әсіресе ауыр экономикалық дағдарыстар кезінде мекемелер мен зерттеушілердің қолда бар ғылыми әлеуетіне қолдау көрсетуге бағытталған.
Соңғы онжылдықта Қазақстан өзінің ғылыми әлеуетін едәуір ілгерілетіп, ХҒТО-ның көптеген бастамашыл жобаларын дамытуда жетекші рөлдердің біріне ие болды. Бұл – сейсмология, ядролық сараптама, радиоактивті көздердің қауіптілік дәрежесін төмендету, ядролық таратпауды, қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әлеуетті нығайту саласындағы ынтымақтастық және тағы басқалар.
05 желтоксан 2024
27 қараша 2024
27 қараша 2024
22 қараша 2024