ҚР Ұлттық ядролық орталық Еуразиялық экономикалық форумда өз зерттеулері мен әзірлемелерін таныстырды


27 маусым 2025

26 маусымда Минскіде IV Еуразиялық экономикалық форумда «Еуразиялық экономикалық одақтағы өнеркәсіптік ынтымақтастықтың 2030 жылға дейінгі негізгі бағыттары шеңберінде ядролық технологияларды дамыту: ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылының перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге қатысушылар Одақ елдері мен ЕАЭО-дағы бақылаушы мемлекеттердің ядролық медицина саласындағы негізгі құзыреттері мен жетістіктері, өнеркәсіптегі ядролық технологияларды дамыту туралы айтты. Қолданбалы ғылыми зерттеулер мен радиофармацевтикалық препараттардың инновациялық өндірісінен бастап ядролық салада бірқатар бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға дейінгі мәселелердің кең ауқымы қозғалды.

Іс-шара Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі және көршілес мемлекеттердегі ядролық технологияларды дамытуға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларының, ғылыми топтардың өкілдерінің қызығушылығын тудырды.

Қазақстан Республикасы ресми түрде атом энергетикасын дамыту бағытын жариялады. Бүгінде елімізде Мемлекет басшысының ядролық кластер құру жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша бірінші кезектегі шаралар жүзеге асырылуда.

ҚР Ұлттық ядролық орталық елімізде атом электр станциясын құру бойынша дайындық жұмыстарын ғылыми-техникалық қамтамасыз етеді, халықаралық нарықта сұранысқа ие қолданбалы зерттеулер жүргізеді, атом энергетикасын ауқымды дамыту үшін қажетті ғылыми-технологиялық және кадрлық базаны қалыптастыратын өзінің ғылыми құзыреттілігін дамытуды қамтамасыз етеді. 

Іс-шараға қатысушылар Қазақстанның атом энергетикасын құрудағы ҚР Ұлттық ядролық орталықтың маңызды рөлін және оның ядролық және озық энергетикалық технологиялар саласындағы Еуразиялық одақтың ғылыми алаңы ретіндегі әлеуетін атап өтті.

ЕЭФ-2025