ҚР Ұлттық ядролық орталығы бас директорының жолдауы


10 сәуір 2020

Құрметті әріптестер!

Біз әлемнің көптеген елдерінде COVID-19 коронавирусының таралуына байланысты ҚР Ұлттық ядролық орталығындағы жағдай қалай дамып жатқаны туралы өздеріңізді хабардар етуді жалғастырамыз.

Ең алдымен коронавирус пандемиясы бүкіл адамзат үшін күрделі сынаққа айналғанын атап өткім келеді, бүгінгі таңда бірінші кезектегі міндет – адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау болып табылады. Осы бағытта біз кәсіпорын қызметкерлері арасында инфекцияның пайда болуы мен таралу қаупін барынша азайтуға бағытталған бірқатар алдын алу шараларын қолдандық. Бұл санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларға да, сондай-ақ ұйымдастырушылық іс-шараларға да қатысты.

Ең алдымен біз іс-қимыл жоспарын әзірледік, оны жүзеге асыру кәсіпорынның барлық бөлімшелерінде күшейтілген санитариялық-эпидемияға қарсы режимді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жедел түрде және қажетті көлемде қазіргі жағдайда аса қажет етілетін материалдық қор резерві құрылды. Кәсіпорынның барлық объектілерінде қызметкерлердің денсаулық жағдайына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Алдын алу шаралары іске асырылуда, дезинфекциялық құралдар мен жеке қорғану құралдарын беру жолға қойылды, маскалық режим енгізілді және т. б.

Бұл жұмыстың тағы бір маңызды бөлігі қызметкерлер арасында жұмыс байланысын қысқарту болды. Осы мақсатта персоналдың бір бөлігі қашықтықтан жұмыс істеу және амалсыз бос тұрып қалу режиміне ауыстырылды, бұл ретте біз ұжымдық шартта кепілдік берілген міндетті төлемдерді, сонымен қатар кәсіпорынның тұрақты жұмыс режимін де сақтап қалдық. Біздің бастапқыдағы осындай белсенді іс-әрекетіміз эпидемиялық қауіпті әрі қиын жағдайда персоналдың жұмыс орындарында болуын барынша азайта отырып, тиімді жұмыс істеуге, кәсіпорынның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қабілетті екенімізді көрсетті.

Біз барлығымыз елдегі және өңірдегі коронавирус жағдайы тұрақтанып, індет біздің кәсіпорынға әсер етпей, толықтай жойылады деп үміттенеміз. Дегенмен біз оқиға теріс дамыған жағдайда да дайын болуымыз керек. Іс жүзінде бүгінгі күні жүзеге асырылып жатқан ұйымдастыру іс-шаралары бізге Ұлттық ядролық орталық қызметінің режимін ең күрделі жағдайда – карантин жағдайында пысықтауға мүмкіндік берді деп айтуға болады.

Мен барша қызметкерлерге жұмыс режимін өзгерту кезінде туындаған қиындықтарға төзімділік танытып, барлық талаптарды сақтағаны үшін, сондай-ақ осы қиын кезеңде түсіністікпен қарап, қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін.

Құрметті әріптестер! Бүгінде коронавирус инфекциясының таралуы әлемдік экономикаға және жалпы қоғамға қалай әсер ететінін көріп отырмыз: үйреншікті тұрмыс-тіршілік тәртібі өзгерді, экономикалық көрсеткіштер мен болжамдар нашарлап, түрлі салалардағы кәсіпорындардың өнімділігі төмендеуде.

Осындай жағдайда біз бюджеттік бағдарламалар шеңберіндегі, сондай-ақ халықаралық келісімшарттар бойынша өз міндеттемелеріміздің орындалуын қамтамасыз етуге тиіспіз.

Қазіргі уақытта атом энергетикасы, басқарылатын термоядролық синтез технологиясы, радиоэкология, таратпау мәселелерін шешу саласындағы жобаларды ойдағыдай іске асырудың арқасында ҚР Ұлттық ядролық орталығында болашаққа сенімді қарауға, сондай-ақ өзіне алған барлық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік беретін жеткілікті қаржы резерві бар.

Өзінің тиімділігін көрсеткен, жұмыс барысын ұйымдастыру кезінде енгізілген шектеу шараларының тәжірибесін пайдалана отырып, филиал басшыларына 2020 жылғы 13 сәуірден бастап кәсіпорынның бірінші кезекте назар аударуды талап ететін объектілерінде жұмыс істеу үшін кейбір қызметкерлерді амалсыз бос тұрып қалу және қашықтықтан жұмыс істеу режимінен ауыстыру туралы тапсырма берілді. Бұл ретте еңбек ету мен демалудың барлық қажетті жағдайларын сақтай отырып, қызметкерлер арасындағы байланысты шектеуге мүмкіндік беретін жұмыстарды ұйымдастырудың әр түрлі нысандары қолданылатын болады.

Осылайша, жұмыстың әдеттегі режимін өзгерте отырып, бүгінгі күннің шындығына сүйеніп, біз кәсіпорынның даму серпінін сақтап, қабылданған барлық міндеттемелердің толық көлемде орындалуын қамтамасыз етеміз.

Әріптестер! Туындап отырған жағдай біздің әрқайсымыздан ұстамдылық пен шыдамдылықты, сондай-ақ аянбай еңбек етуді талап етеді. Біз қазірдің өзінде күрделі экономикалық жағдайларға тап болдық, және де оларды абыроймен еңсердік. Тек үйлесімді жұмысының, әрқашан бір қадам алда бола білгендігінің арқасында ҚР Ұлттық ядролық орталығы Қазақстанның ең табысты дамып келе жатқан ғылыми кәсіпорындарының біріне айналды. Жыл сайын жаңа келісімшарттардың ұлғаюы – еңбекпен келген халықаралық беделіміздің куәсі. Бүгінгі таңда бізде экономикалық дағдарысты еңсерудің барлық мүмкіндіктері: қаржы резерві, бірегей зерттеу базасы және де ең маңыздысы – жоғары білікті және сенімді қызметкерлер бар деп есептеймін. Бұл болашаққа нық сеніммен қарауға мүмкіндік береді.

Жағдайдың оңалатынына сенемін, біз барлық қиындықтарды бірге еңсереміз.

Сақтанып жүріңіздер, жақындарыңызға қорған болыңыздар!

                                                                      Э.Ғ. Батырбеков

Мероприятия