МАТЕРИАЛДАРДЫ ТЕРМОЯДРОЛЫҚ РЕАКТОР ЖАҒДАЙЛАРЫНДА СЫНАУ


28 сәуір 2018

ҚР Ұлттық ядролық орталығында материалдарды термоядролық реактор жағдайларында сынайтын жаңа зертхана құрылды. Зертхананың қызметі термоядролық реактордың кіші өлшемдегі перспективалық конструкциялық материалдарын және Қазақстандық материалтану токамагының диагностикалық жабдықтарын сынау жөніндегі эксперименттік зерттеулерге, сондай-ақ жүргізілетін сынақтарға әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталған.

      Плазмалық-шоқ разряд режиміндегі имитациялық стендтің жұмыс режимі

Аталған міндеттерді шешу үшін зертхана плазмалық ағын мен жылу жүктемесінің кешенді әсері жағдайларында материалдарды сынауға арналған плазмалық-шоқ қондырғылы имитациялық стенд және материалдардың термоциклденуі және балқуы бойынша сынақтар жүргізуге арналған жоғары жиілікті индукциялық қыздыру қондырғылары сияқты бірегей қондырғылар мен стендтерді қамтитын эксперименттік базамен жабдықталған.

Бүгінгі күні зертханада ғылыми-техникалық бағдарлама шеңберінде плазмаға айналған материалдардың қасиеттеріне жабындардың әсер етуін эксперименттік зерттеу, сондай-ақ ҚР БҒМ бағыты бойынша гранттық қаржыландыру шеңберінде қазақстандық материалтану токамагының диагностикалық жабдықтарын сынау бойынша бірқатар эксперименттік зерттеулер жүргізілуде.

              Плазмалық-шоқ қондырғылы имитациялық стенд

Сондай-ақ зертхананың жетекші мамандары тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің «Плазма физикасы» кафедрасымен тығыз жұмыс істейтінін атап өту қажет. Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелері ИТЭР термоядролық эксперименттік реакторын құру жөніндегі халықаралық жоба шеңберінде өзекті болып табылады.

термоядерный синтез материаловедение