30 қаңтар 2026


2026 жылғы 26–28 қаңтарда Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы, Жапонияның атом энергиясы агенттігі (JAEA) және «Marubeni Utility Service, Ltd.» (MUS) компаниясы мамандарының қатысуымен EAGLE көпжылдық бағдарламасының кезекті кезеңі (post-EAGLE-3 жобасы) бойынша алтыншы техникалық кездесу өтті. Келісімшарт аясында төртінші буынды JSFR натрий реакторының конструкциясын негіздеу мақсатында реактор ішіндегі және реактордан тыс зерттеулер жүргізу мүмкіндігін техника-экономикалық негіздеу бойынша жұмыстар орындалып жатыр.
Кездесу барысында қатысушылар жұмыстардың жоспарға сәйкес орындалу барысын, сондай-ақ ИГР зерттеу реакторындағы сынақ режимдерін есептік негіздеу, реактор ішіндегі және реактордан тыс эксперименттік құрылғыларды жобалау нәтижелерін талқылады.
Талқылаудың жеке бөлімі EAGLE-4 эксперименттік бағдарламасы бойынша жаңа келісімшартты дайындау және келісу мәселесіне арналды. Болашақ эксперименттік жұмыстарды орындау шарттары, сондай-ақ оларды іске асыру мерзіміне әсер етуі мүмкін тәуекелдер мен факторлар қарастырылды.
JAEA тарапынан кездесуге жұмыстардың тапсырыс беруші мамандары мен зерттеу кураторлары қатысты. Сонымен қатар бейнеконференция форматындағы талқылауға ҚР ҰЯО РМК мен JAEA-ның жоспарлау-экономика және қаржы бөлімшелерінің өкілдері қосылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы кезеңдегі іс-қимылды айқындап, негізгі жұмыстар жөнінде келісті. EAGLE бағдарламасының кезекті кезеңі (post-EAGLE-3 жобасы) бойынша жұмыс жоспарлы режимде жалғасады, келесі техникалық кездесу 2026 жылғы маусым айына жоспарланды.
28 қаңтар 2026
31 желтоксан 2025
31 желтоксан 2025
30 желтоксан 2025