ICONS-2024 халықаралық конференция жұмысына қатысу


31 мамыр 2024

24 мамыр, жұма күні аяқталған АТЭХАГ (ICONS-2024) қолдауымен ядролық физикалық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция аясында ядролық физикалық қауіпсіздік және ядролық криминалистика саласындағы жетекші әлемдік сарапшылардың қатысуымен «Қазақстандағы ядролық физикалық қауіпсіздік архитектурасының негізгі элементтерінің бірі ретінде ядролық криминалистиканы дамыту» атты параллель іс-шара ұйымдастырылды.

Ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, ҚР Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) және ҚР Ядролық физика институты (ҚР ЯФИ) болды.

ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов өз сөзінде Қазақстан ядролық физикалық қауіпсіздік мәселелерін табысты шешу бойынша халықаралық өзара іс-қимылдың қол жеткізілген деңгейін, сондай-ақ Қазақстандағы ядролық физикалық қауіпсіздік үшін ядролық криминалистиканың маңыздылығын жоғары бағалайтынын атап өтті. Қазақстандық делегацияның ICONS конференциясына қатысуы биылғы жылы Қазақстан Австралиямен бірлесе осы АТЭХАГ– ICONS-2024 форумының тең төрағасы болып табылатындығы тұрғысынан да аса маңызды екені атап өтілді. Бұл республикамыздың әлемдегі рөлін арттыруға арналған және Қазақстан Республикасының атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық физикалық қауіпсіздік және ядролық криминалистика саласында жинаған құзыреттерінің жоғары деңгейін толық көлемде көрсетеді.

Қазақстан сарапшылары еліміздің ядролық криминалистика мақсаттары үшін Ұлттық кітапхананың тұжырымдамасы мен прототипін жасау бойынша өз жетістіктерімен бөлісті, сондай-ақ осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың тәжірибесі және АТЭХАГ әріптестерімен және ядролық криминалистика жөніндегі жетекші әлемдік центтермен кооперацияны дамыту келешегі туралы айтып берді.

Талқылау барысында халықаралық сарапшылар еліміздегі ядролық криминалистика бойынша құзыреттерді игеруде, қазақстандық жетекші ғылыми ұйымдар – ҚР ҰЯО және ҚР ЯФИ қол жеткізген ядролық криминалистика жөніндегі Ұлттық кітапхананың прототипі үшін өз алгоритмдерін құруда елеулі ілгерілеушілікті атап өтті.

Қорытындылай келе, барлық қатысушылар Қазақстанның ядролық криминалистика саласындағы халықаралық құзыреттер алмасуға қатысуын кеңейту, ұлттық кітапханалар құру және ядролық физикалық қауіпсіздік жөніндегі персоналды даярлау туралы тілектерін білдірді.

Конференции