Азиядағы ядролық кооперация форумының (FNCA) министрлер деңгейіндегі кеңесі


02 қараша 2022

 

31 қазан күні ҚР ҰЯО РМК бас директоры Эрлан Батырбеков гибридті форматта өткен Азиядағы ядролық кооперация форумының (FNCA) министрлер деңгейіндегі кеңесіне қатысты. Биыл кеңесті Моңғолия Үкіметі мен Жапония Министрлер кабинетінің хатшылығы ұйымдастырды. Дөңгелек үстелде делегаттар «Азия аймағында радиациялық терапияны жақсарту» негізгі тақырыбын талқылады. Спикерлер аталған саладағы FNCA-ге қатысушы мемлекеттер қызметінің әртүрлі аспектілері бойынша тақырыптық баяндамалар ұсынды.

Пікірталас барысында Эрлан Батырбеков өз тарапынан әріптестерін Қазақстанда ядролық және радиациялық медицинаны дамытудың ағымдағы ахуалымен таныстырды. Соңғы уақытта ғана елімізде жоғары технологиялық жабдықтармен жасақталған үш жаңа ядролық медицина орталығы (Семей, Алматы және Астанада) құрылғанын атап өтті, бұл пациенттерге жүргізілетін зерттеулер санын едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Қазақстанның басқа қалаларында осындай объектілерді салу, сондай-ақ 2024 жылы Астанада протондық терапия орталығын құру жоспарлары туралы айтылды.

Негізгі сессия шеңберінде Қазақстан Республикасының 2022 жылғы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы ілгерілеуі туралы ел баяндамасы ұсынылды, атом энергетикасы және ядролық отын циклі, таратпау режимін қолдау, ядролық қауіпсіздік, радиациялық экология сияқты бағыттар бойынша негізгі жетістіктер атап өтілді.

Кеңес соңында қатысушы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін ядролық технологияларды бейбіт және қауіпсіз қолдану мәселесіндегі өңірлік әріптестіктің маңыздылығын көрсететін бірлескен коммюнике талқыланып, қабылданды, келесі жылы Азиядағы ядролық кооперация форумының жемісті қызметін қамтамасыз етуге арналған бағыттар мен нақты қадамдар тұжырымдалды.

 

 

Радиация совещание FNCA Ядерная безопасность Астана Эрлан Батырбеков РГП НЯЦ РК Республика Казахстан ядерная медицина режим нераспространения радиационная безопасность