ҚР ҰЯО делегациясының Жапонияға сапарының қорытындысы


06 желтоксан 2019

Бас директор Эрлан Батырбеков бастаған ҚР Ұлттық ядролық орталығының делегациясы FNCA-ге (Азиядағы Ядролық кооперация форумы) қатысушы елдердің министрлер деңгейіндегі 20-шы кеңесіне қатысты.

Кеңес барысында бағдарлама бойынша сөз сөйленіп, FNCA-ге қатысушы елдердің баяндамалары ұсынылды, сондай-ақ «Денсаулық сақтау және медицина саласында радиациялық технологияларды пайдалану» тақырыбына дөңгелек үстел өткізілді.

Форумға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Эрлан Батырбеков барлық Азия-Тынық мұхит өңірі үшін медицинаны дамытуға, бірегей материалдар жасауға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға түбірінен жаңа мүмкіндіктер ашатын, экономиканың энергетикалық базасын нығайтуға қызмет етіп, климаттың өзгеруіне қарсы күреске ықпал ететін, FNCA шеңберінде дамып келе жатқан ядролық технологиялардың маңыздылығын атап өтті.

Күн тәртібіндегі маңызды оқиға өткен жылдың үздік ғылыми-зерттеу командасын марапаттау болды. «Полимерлерді радиациялық өңдеу және модификациялау» жобасы бойынша қазақстандық ғалымдар тобы жеңімпаз атанды.

Жапонияға сапары барысында ҚР ҰЯО делегациясы JAEA, Toshiba Corp. және Marubeni Utility Services компанияларымен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізіп, онда келешекке арналған ғылыми-техникалық жобалар талқыланды.

Toshiba вице-президенті Goro Yanase мырза CORMIT-2 жобасы шеңберінде жүргізілетін жұмыстардың нәтижелілігі мен тәжірибелік құндылығын атап көрсетті және Жапониядағы жұмыс істеп тұрған реакторлардың қауіпсіздігін арттырудың маңызды проблемасын шешуге көмектескені үшін ҚР ҰЯО-ға алғыс білдірді, бұл оларды қайта іске қосу туралы оң шешім қабылдауға ықпал етеді.

JAEA компаниясымен кездесу соңында Атом энергиясы мен технологиялар саласындағы ғылыми зерттеулердегі ынтымақтастық жөніндегі жаңа атқарушы келісімге қол қойылды, ол ұйымдар арасында таяудағы 5 жылға арналған өзара іс-қимыл салалары мен нысандарын анықтайды.

Сондай-ақ шапшаң нейтрондардағы ядролық реакторлардың қауіпсіздігі және атом саласы үшін кадрлар даярлау шеңберіндегі бірлескен жұмыстардың барысы талқыланды. Тараптар ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен нәтижелеріне қанағаттанушылық білдірді. Жапонияның Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің (JAEA) президенті Toshio Kodama мырза ядролық реакторлардың ауыр апаттарының әртүрлі аспектілерін зерттеудегі ҚР ҰЯО эксперименттік базасының үлкен мүмкіндіктерін айта отырып, 2015 жылғы наурызда басталған EAGLE-3 жобасын іске асырудың табыстылығын атап көрсетті. Жобаның ағымдағы үшінші фазасы шеңберінде қол жеткізілген нәтижелер бүгіннің өзінде JOYO шапшаң зерттеу реакторының қауіпсіздігін бағалау үшін қолданылады.

международное сотрудничество FNCA Япония JAEA TOSHIBA