Орталық Азияда изотоптық гидрологияны дамыту


04 қыркүйек 2026

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы 2026 жылғы 1–4 қыркүйек аралығында Вена қаласында өткен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Орталық Азиядағы изотоптық зертханаларды дамыту мәселелеріне арналған техникалық кеңесіне қатысты.

Жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Түрікменстан өкілдері қатысып, тәжірибе алмасу, сондай-ақ өңірде изотоптық гидрологияны дамыту перспективаларын талқылау мүмкіндігіне ие болды.

Кездесу барысында Ұлттық ядролық орталық Қазақстанның радиоэкологиялық зерттеулер жүргізу және изотоптық гидрология әдістерін қолдану саласындағы тәжірибесін таныстырды. Су ресурстарын зерттеу барысында заманауи изотоптық әдістерді қолдану мүмкіндіктеріне, сондай-ақ зертханалық және ғылыми-зерттеу базасын одан әрі дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Мұндай халықаралық жобаларға қатысу Орталық Азия елдері арасындағы су ресурстарын зерттеу және оларды ұтымды пайдалану бағытындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ғылыми құзыреттерді арттыруға және заманауи зерттеу әдістерін енгізуге ықпал етеді.

международное сотрудничество