Ұлттық ядролық орталық биодозиметрия және радиациялық қауіпсіздік саласындағы біліктілігін жетілдіруде


21 қазан 2026

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы радиациялық қауіпсіздік, биологиялық дозиметрия және ядролық немесе радиологиялық авариялық жағдайға әзір болу саласындағы ғылыми-техникалық біліктілігін жетілдіріп жатыр.

Биодозиметрия жеке адамның алған сәулелену дозасын бағалауға, радиациялық әсердің ауқымын анықтауға және зардап шеккен адамдарды медициналық тексеруден өткізу басымдығын белгілеуге мүмкіндік береді. Мұндай әдістерді қолдану радиациялық аварияларға жедел әрі тиімді ден қоюды ұйымдастыруда ерекше маңызды.

Осы бағытты дамыту аясында ҚР ҰЯО РМК 2026 жылғы 12–16 қазан аралығында Францияда өткен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) «Ядролық немесе радиологиялық авариялық жағдай кезіндегі медициналық әзірлік және ден қою» тақырыбындағы өңірлік кеңесіне қатысты.

Іс-шара МАГАТЭ-нің RER9161 техникалық ынтымақтастық жобасы шеңберінде Францияның Ядролық қауіпсіздік және радиациялық қорғау жөніндегі басқармасының (ASNR) қатысуымен ұйымдастырылды. Жиын Еуропа өңірі елдерінің радиациялық қорғау, денсаулық сақтау, ғылыми зерттеулер және авариялық жағдайға ден қою саласында жұмыс істейтін ұйымдарының мамандарын біріктірді.

Қатысушылар радиациялық мониторинг жүргізу, халықты қорғау, зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету және ведомствоаралық үйлестіру бойынша халықаралық тәсілдерді қарастырды. Биодозиметрияны ұлттық авариялық дайындық жүйелеріне енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Мұндай кеңеске қатысу ҚР ҰЯО мамандарына халықаралық тәжірибенің өзекті үлгілерін зерделеуге, кәсіби тәжірибе алмасуға және сәулелену дозасын бағалаудың заманауи әдістерімен танысуға мүмкіндік берді. Алынған білім кәсіпорынның құзыретін одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы радиациялық қауіпсіздік жүйесі мен авариялық жағдайға әзірлікті жетілдіру үшін пайдаланылады.

РГП НЯЦ РК радиационная безопасность биодозиметрические исследования