Ұлттық ядролық орталық делегациясының РҒА Сібір бөлімшесіне сапары


13 мамыр 2026

Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының делегациясы Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесінде (РҒА СБ) жұмыс сапарымен жүр. Сапардың мақсаты – бұған дейін ұсынылған бастамаларды нақты пысықтап, екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, соның ішінде Курчатов қаласын болашақ ғылым қаласы ретінде стратегиялық тұрғыдан дамыту аясында өзара іс-қимылды нығайту.

Кездесу сындарлы диалог және бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға деген өзара қызығушылық рухында өтіп жатыр. Бұл сапар РҒА СБ өкілдерінің біздің Орталыққа жуырда келген сапарына жауап ретінде ұйымдастырылды. Сол кезде академик Валентин Николаевич Пармон бастаған ресейлік делегация Орталық қызметінің негізгі бағыттарымен және оның ғылыми-технологиялық әлеуетімен жан-жақты танысқан болатын.

Келіссөздердің түйінді тақырыбы – ғылым қалаларын құрудың практикалық қырлары. Қатысушылар Ресейдің сәтті тәжірибесін Қазақстанда қолдану жолдарына ерекше назар аударды. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Курчатов қаласына ғылым қаласы мәртебесін беру мәселесінің пысықталуына байланысты аса өзекті болып отыр.

Ғылым қаласы мәртебесі қаламыздың дамуына серпін беріп, отандық ғылым үшін жаңа көкжиектер ашып, инновациялар мен жоғары технологиялық шешімдерді тартатын орталықтың қалыптасуына ықпал етуі тиіс.
 

международное сотрудничество СО РАН наукоград