14 маусым 2024
2024 жылғы 4-7 маусым аралығында Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында (ҚР ҰЯО РМК) Жапонияның Атом энергиясы агенттігінің Президенті Когучидің, Marubeni Utility Services, Toshiba Energy Systems & Solutions Corporation, Japan Atomic Power company, Toyo Tanso Co.Ltd. және т.б. ұйымдарының басшылары мен мамандарының қатысуымен «Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан – Жапония ғылыми-техникалық ынтымақтастығына 30 жыл» атты халықаралық ғылыми-техникалық семинар болып өтті.
Семинарға қатысушылардың атына Абай облысының әкімі
Н. Т. Ұранхаевтан, ҚР Энергетика министрі А. М. Сәтқалиевтен, ҚР Энергетика вице-министрі С. Қ. Есімхановтан, Қазақстанның ядролық қоғамы президенті
В. С. Школьниктен, Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д. Ямададан құттықтаулар келіп түсті.
Семинардың мақсаты – ҚР ҰЯО РМК мен Жапония ұйымдарының
30 жылдық ынтымақтастығын қорытындылау, ынтымақтастықтың алдағы уақыттағы перспективалары мен бағыттарын талқылау.
Осы жылдар ішінде COTELS, EAGLE, Fukushima Debris, CORMIT және басқа да ауқымды жобалар жүзеге асырылды, олар атом энергетикасының қауіпсіздігі мәселесін шешуге елеулі үлес қосты.
Мәселен, 1990 жылдардың ортасынан бастап ҚР ҰЯО РМК базасында Жапонияның атом энергиясы агенттігімен бірлесіп натрий жылу тасығышы бар шапшаң нейтрондардағы перспективалық ядролық реактордың ауыр авариясымен ілесе жүретін процестерді зерттеу бойынша реакторлық және реактордан тыс бірқатар эксперименттер – EAGLE жобасы жүзеге асырылды. Балқу заңдылықтары, реактордың актив аймағы балқымасының бақыланатын қозғалысы, оның конструкциялық материалдар элементтерімен және жылук тасығышпен өзара әрекеттесуі зерделенді.
Реакторлық емес қондырғыларда жапондық әріптестермен бірлескен CORMIT жобасы іске асырылды, ол авариялық реактордың актив аймағының балқымасы мен балқыманың авариялық тұтқышында пайдалануға көзделген материалдар арасындағы өзара әрекеттесуді зерттеуге бағытталған, бұл атом станцияларының қауіпсіздігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Жапонияның «Фукусима» атом электр станциясындағы апат салдарларының проблемаларын шешуді қолдау мақсатында осы аттас бірлескен жоба аясында ҚР ҰЯО РМК мамандары осы атом электр станциясы реакторларының актив аймағының балқуын моделдеу және оның қасиеттерін зерттеу жөнінде зерттеулер жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижелері авариялық реакторлардың отынын алып шығып, соңынан онымен жұмыс істеу кезінде пайдаланылатын технология мен жабдықтарға қойылатын талаптарды әзірлеуге мүмкіндік берді.
Азиядағы Ядролық кооперация форумы аясындағы жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс белсенді жүргізіледі, ол жапондық әріптестердің бастамасымен және қолдауымен ұйымдастырылған тәжірибе алмасуға, ядролық технологияларды бірлесіп дамытуға арналған жылдар бойы жұмыс істейтін пәрменді алаң болып саналады.
Батырбеков Эрлан Ғаділетұлы, ҚР Ұлттық ядролық орталығының бас директоры: «Бүгінгі таңда біз ынтымақтастығымызды ойдағыдай жалғастырып келеміз, ҚР ҰЯО РМК эксперименттік базасында жүргізілетін бірлескен зерттеулердің перспективаларын талқылаймыз. Мысалы, қазір Жапонияда жобаланған натрий жылу тасығышы бар шапшаң нейтрондардағы 4-буын реакторының қауіпсіздігін зерттеуге арналған жаңа реакторлық және реактордан тыс эксперименттер жүргізу мүмкіндігін зерделеу үшін «Marubeni Utility Services» компаниясымен және Жапонияның Атом энергиясы агенттігімен жаңа EAGLE-3post келісімшартқа қол қоюға дайындық жүргізіліп жатыр. Зерттеулер ҚР ҰЯО РМК эксперименттік базасында жүргізілмек».
Ғылыми-техникалық семинар бағдарламасында қатысушылардың баяндамалары ұсынылып, кеңінен талқыланатын панельдік сессия, ҚР ҰЯО РМК-ның ғылыми инфрақұрылымының объектілеріне, соның ішінде зерттеу ядролық реакторларына, қазақстандық Токамак термоядролық материалтану реакторына, реакторлық емес стендтер мен қондырғыларға, ғылыми зертханалар сияқты объектілерге техникалық турлар көзделген.
02 қазан 2024
27 қыркүйек 2024
27 қыркүйек 2024
26 қыркүйек 2024