30 шілде 2026


«Жас физик – 2026» жазғы мектебі жаратылыстану ғылымдарына қызығушылық танытатын мектеп оқушыларын біріктіруді жалғастыруда. Маусым айында Курчатов қаласының мектеп оқушылары қатысқан алғашқы ауысымнан кейін Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы бұл жолы Павлодар облысы Май ауданынан келген оқушыларды қарсы алды.
Бағдарлама аясында ҚР ҰЯО РМК жетекші мамандары термоядролық синтез, сутегі технологиялары, Жердің магнит өрісі және радиациялық қауіпсіздік негіздері тақырыптарында дәрістер оқып, қатысушылар Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының бірегей ғылыми объектілеріне экскурсия жасады.
Мазмұнды бағдарламаның жалғасы ретінде «Жас физиктер қатарына қабылдау» атты спорттық квест пен зияткерлік брейн-ринг ұйымдастырылып, оның барысында қатысушылар дәрістер мен экскурсиялар кезінде алған білімін көрсетіп қана қоймай, сондай-ақ зейінділік, ептілік, тапқырлық және командада жұмыс істей білу қабілетін де танытты.
Дәстүр бойынша жабылу салтанатында барлық қатысушыға жазғы мектепті аяқтағаны туралы сертификат табысталды. Ал зияткерлік брейн-рингтің жеңімпаздары мен жүлдегерлері естелік дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
«Жас физик» жазғы мектебі оқушылар арасында ғылымды насихаттаудың, заманауи ғылыми зерттеулер мен инженерлік-техникалық мамандықтарға қызығушылықты дамытудың, сондай-ақ болашақ мамандардың кәсіби бағдарын айқындаудың маңызды алаңы болып қала береді.
23 шілде 2026
22 шілде 2026
17 шілде 2026
13 шілде 2026