08 шілде 2026

2026 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Республикасы Халықаралық энергетикалық агенттіктің (International Energy Agency, IEA) Технологиялық ынтымақтастық бағдарламасы (Technology Collaboration Programme, TCP) шеңберінде іске асырылатын Токамактар бағдарламасына (IEA Tokamak Programmes Technology Collaboration Programme, CTP TCP) ресми түрде қатысушы болды.
CTP TCP бағдарламасына қосылу – отандық термоядролық ғылымның әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануының маңызды кезеңі. Қазақстан басқарылатын термоядролық синтез саласындағы халықаралық ынтымақтастық бағдарламасына қатысушы елдердің қатарына қосылды. Бұл бағдарлама ИТЭР ғылыми бағдарламасын, Еуропалық одақтың (EUROfusion), Америка Құрама Штаттарының, Қытайдың, Жапонияның, Үндістанның, Корея Республикасының, Ұлыбританияның, Австралияның және Швейцарияның ұлттық бағдарламаларын біріктіреді.
Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің шешімімен Бағдарламада еліміздің атынан өкілдік ететін ұйым ретінде «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» РМК айқындалды. ҚР ҰЯО РМК CTP TCP бағдарламасының басшылық және ғылыми-техникалық органдарының жұмысына қатысып, халықаралық зерттеулерді үйлестіруге, ғылыми-техникалық ақпаратпен алмасуға, сондай-ақ токамактар физикасы мен технологиялары саласындағы ынтымақтастықты дамытуға атсалысатын болады.
Қазақстанның CTP TCP бағдарламасына қосылуы – ҚР ҰЯО РМК-нің ғылыми инфрақұрылымды көп жылдар бойы жүйелі түрде дамытуының, Қазақстандық КТМ материалтану токамагын табысты пайдалануының және қазақстандық мамандардың халықаралық ғылыми зерттеулерге белсенді қатысуының заңды нәтижесі.
Бағдарламаға қатысу Қазақстан ғалымдарының әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен бірлескен зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін кеңейтеді, KTM токамагының ғылыми-техникалық әлеуетін тиімдірек пайдалануға жол ашады, халықаралық ынтымақтастықты нығайтып, еліміздің әлемдік термоядролық қоғамдастықтағы ұстанымын орнықтырады.
03 шілде 2026
02 шілде 2026
25 маусым 2026
19 маусым 2026