EAGLE эксперименттік бағдарламасы бойынша кезекті техникалық кездесу


22 сәуір 2026

2026 жылғы 13–15 сәуір аралығында Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы, Жапонияның атом энергиясы агенттігі (JAEA) және «Marubeni Utility Service, Ltd.» (MUS) компаниясы мамандарының EAGLE эксперименттік бағдарламасын іске асыру аясындағы жетінші техникалық кездесуі өтті.

Кездесу EAGLE-4 жаңа кезеңіне арналған келісімшарт құжаттамасын дайындауға арналды. Бұл кезең – төртінші буын JSFR реакторының конструкциясын негіздеуге бағытталған көпжылдық зерттеулердің жалғасы және ҚР ҰЯО қондырғыларында реакторішілік және реактордан тыс эксперименттер жүргізуді көздейді.

Кездесу барысында қатысушылар Келісімшарт жобасының, Ынтымақтастық туралы меморандумның және Келісімнің соңғы нұсқаларын, оның ішінде құқықтық және қаржылық-экономикалық аспектілерді келісуге назар аударды. Сондай-ақ Техникалық ерекшелік талаптары бекітіліп, есептеу нәтижелері ұсынылды және бағдарламаны іске асырумен байланысты ықтимал тәуекелдер, соның ішінде қажетті материалдар мен жабдықтарды сатып алу мәселелері қаралды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар талқылаудың сындарлы сипатта болғанын атап көрсетіп, негізгі міндеттер бойынша, оның ішінде эксперименттік бағдарламаны іске асыру мерзімі мен талаптарын сақтау бойынша ортақ түсіністік бар екенін растады.

Алдағы уақытта ҚР ҰЯО мен JAEA-ның бірлескен тобы ұйымның басшылары қол қоятын құжаттар пакетін дайындайды, бұл рәсім 2026 жылғы маусым-шілде айларына жоспарланған.
 

JAEA EAGLE