Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімшесі делегациясының сапары


20 наурыз 2026

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына бөлімше басшысы, академик Валентин Николаевич Пармонның жетекшілігімен Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің делегациясы жұмыс сапарымен келді. 

Сапар барысында қонақтар Орталықтың негізгі қызмет бағытымен және оның ғылыми-технологиялық әлеуетімен жан-жақты танысты. Атом энергетикасының қауіпсіздігін арттыруға, радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және таратпау режимін нығайтуға бағытталған, әлемде теңдесі жоқ зерттеулер жүргізілетін бірегей ғылыми қондырғылар мен зертханаларға ерекше назар аударылды.

Ғылыми инфрақұрылымды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша мазмұнды пікір алмастырылды. Ресей Федерациясының жинақталған тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан Республикасында ғылым қалаларын қалыптастыру тәсілдері, оның ішінде ғылым, білім беру және жоғары технологиялық бизнесті тиімді интеграциялау мәселелері жеке қарастырылды.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар озық зерттеулер мен технологиялар саласындағы серіктестікті дамытуға, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға және ынтымақтастықты нығайтуға өзара мүдделі екенін білдірді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы әріптестеріне сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, алдағы өзара іс-қимылға дайын екенін атап көрсетті.
 

международное сотрудничество