ИГР реакторын конверсиялау бағдарламасын дамыту


10 ақпан 2026

2026 жылғы 26-30 қаңтарда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында АҚШ Энергетика министрлігінің (DoE), АҚШ Ұлттық ядролық қауіпсіздік басқармасының (NNSA) және Аргонн ұлттық зертханасының (ANL) өкілдерімен жұмыс кездесуі өткізілді.

Кездесуде ИГР ядролық зерттеу реакторын төмен байытылған уран (ТБУ) отынына көшіру жобасын іске асырудың алдағы кезеңдері негізгі мәселе ретінде қаралды. 

Қазақстан тарапы осы реакторға арналған жаңа отынды әзірлеу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесін ұсынды. Атап айтқанда, реакторлық графитті зерттеу материалдары, сондай-ақ төмен байытылған уран қолданылған эксперименттік үлгілер мен толық өлшемді эксперименттік графит блоктары таныстырылды.

Жұмыс кездесуі барысында Үлбі металлургия зауытына арнайы сапар ұйымдастырылып, онда мамандар төмен байытылған уран (ТБУ) отынын өндіру технологиясының ауқымын кеңейтіп, оны өнеркәсіптік өндіріске енгізу мәселелерін талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар реактордың сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында реактор отынын дайындау технологиясын одан әрі жетілдіру жөнінде уағдаласты. Сондай-ақ ИГР реакторының жұмыс сипаттамаларының ТБУ отыны параметрлеріндегі ықтимал ауытқуларға беретін реакциясын бағалау үшін қосымша зерттеулер жүргізу жоспарланды.
 

петли Франка исследовательские реакторы ИГР Конверсия Министерство энергетики США