SAIGA жобасы: Ынтымақтастықтың жаңа кезеңі


09 маусым 2025

5 маусымда Ұлттық ядролық орталық делегациясы Францияның Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатына (СЕА) барды.

Сапардың негізгі мақсаты бірлескен SAIGA жобасының іске асырылу барысын талқылау, сондай-ақ қазақстандық және француз тараптары үшін өзара қызығушылық тудыратын басқа да бағыттар бойынша пікір алмасу. 

SAIGA жобасы 2019 жылы қол қойылған келісімшарт шеңберінде іске асырылуда және ИГР реакторының базасында эксперименттік зерттеулер жүргізуге бағытталған. Бағдарлама жылу тасымалдағышты жоғалтатын авария жағдайында перспективалы француз реакторының жылу бөлетін құрамасының беталысын зерделеуге арналған.

Кездесу барысында қазақстандық және француз тараптары жоба шеңберінде қол жеткізген нәтижелерді талқылап, ынтымақтастықты табысты жалғастыру үшін қабылдануы қажет негізгі қадамдарды айқындады. Техникалық үйлестіру, эксперименттер жүргізу кестесі және ҚР ҰЯО мен CEA арасындағы әріптестікті одан әрі нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды. СЕА әріптестері Францияның атом өнеркәсібін дамыту жоспарларымен бөлісті, соның ішінде тұйық отын цикліне көшу стратегиясының бөлігі ретінде шапшаң нейтрондардағы жаңа реакторларды жасау. Жүргізіліп жатқан бірлескен зерттеулердің маңыздылығы және ҚР ҰЯО мен CEA ынтымақтастығының болашағы атап өтілді. 

Бұл сапар ядролық технологиялар саласындағы халықаралық ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытудың және Қазақстан мен Франция арасындағы сенімнің жоғары деңгейін растаудың кезекті маңызды кезеңі болды.
 

КИР ИГР SAIGA