04 қаңтар 2019
ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының қызметкері Ерлан Бахтыбекұлы Нұржанов 2018 жылдың қорытындысы бойынша республикалық «Еңбек жолы» конкурсының облыстық кезеңінің «Өндірістің үздік жас қызметкері» номинациясында жеңімпаз атанды. Марапаттау рәсімі жаңа жыл қарсаңында Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында өтті.
Ерлан «Байкал-1» зерттеу реакторлар кешенінде эксперименттерді дайындау және жүргізу қызметінде 2-санатты инженер болып жұмыс істейді. Регламенттік (эксперименттік) жұмыстарды жүргізу кезінде ауысым бастығының көмекшісі болып еңбек етеді, оның міндетіне ИВГ.1М зерттеу реакторын іске қосу жұмыстарын ұйымдастыру және оның жүйелері үшін жауапты адамдардың іс-қимылын үйлестіру кіреді.
Қазіргі уақытта Ерлан ҚР ҰЯО зерттеу реакторларын конверсиялаудың халықаралық бағдарламасына қатысады, бұл бағдарламаның мақсаты жаппай қырып-жоятын қаруды жасау үшін қолданылуы ықтимал жоғары байытылған уранды пайдалану және бөлінетін ядролық материалдардың заңсыз таралу қаупін төмендету жөніндегі халықаралық келісімдерді орындау болып табылады.
Ерлан Бахтыбекұлы әрдайым өзінің кәсіби білімін көтеріп қана қоймай, өңірлік жоғары оқу орындары студенттерінің өндірістік практикалары мен дипломдық жұмыстарына жетекші бола отырып, жас буынның білім алуына да қол ұшын беріп отырады.
Ерлан – жан-жақты адам. Бильярд ойыны бойынша өткізілген турнирлердің бірнеше дүркін жүлдегері. «Қазақстан-Өскемен» телеарнасы өткізген «Зияткерлер сайысы» (Семей қаласы) облыстық зияткерлік ойынында команда капитаны болды.
Ерланның жеңісі ҚР Ұлттық ядролық орталығының жас кадрлар даярлаудағы жемісті жұмысының тағы бір айғағы болды. Әріптесімізді жеңісімен құттықтаймыз! Жаңа кәсіби жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз!
05 желтоксан 2024
27 қараша 2024
27 қараша 2024
22 қараша 2024