19 қыркүйек 2018
Жақын болашақта бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағы айтарлықтай қысқаруы мүмкін. Қазақстандық ғалымдар оның жерінің жартысынан көбі қауіп төндірмейді және шаруашылық айналымға қайтарылуы мүмкін деген қорытындыға келді.
Полигонның қазіргі шекаралары радиациялық қауіпсіздік тұрғысынан сөзсіз артық және негізсіз болып табылады. Мұны 2008 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан кешенді зерттеулер растады. Олардың нәтижелері Курчатов қаласында өткен «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі» атты халықаралық конференцияда айтылды.
Бүгінгі таңда мамандар полигон аумағының 56%-ын немесе Ливан аумағымен шамалас 10 410 шаршы километрін зерделеді. Белгіленген алаңда таяу уақытқа және 300 жылға дейінгі кезеңге радиациялық жағдайдың өзгеруі туралы болжам жасалды. Сонымен қатар «Тәжірибе алаңы» және «Дегелең» сынақ алаңдарының неғұрлым ластанған учаскелерін қайта құнарландыру бойынша жұмыстар басталды.
Жүргізілген кешенді зерттеулер 10 мың шаршы километрге жуық жерді ешқандай шектеусіз экономикалық қызметте пайдалануға болатындығын көрсетті. Тағы 458,2 шаршы километр өнеркәсіптік пайдалануға жарамды. Босалқы жер құрамында ауданы 88,6 шаршы километр радиоактивті ластанған аумақтар қалуы тиіс. Отандық ғалымдардың тұжырымдары олардың ресейлік әріптестері мен Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік мамандарының қорытындыларымен расталады.
Сонымен бірге полигонның шекарасын аумақтың радиациялық мәртебесіне сәйкестікке келтіру соңғыларын шаруашылық пайдалануға қайтаруды ғана білдірмейді. Мысалы, полигоннан тыс жерде Шаған өзені арнасының ауданында ластанған учаске, керісінше, ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылып, босалқы жер мәртебесін алуы тиіс.
Ұлттық ядролық орталықта атап өтілгендей, полигон пайдалы қазбаларға бай, бірақ олардың барлауы мен өндірілуі оның заңды мәртебесімен де, қалыптасқан теріс бейнесімен де шектеледі. Осыған байланысты 2021 жылға қарай полигонның әкімшілік шекараларын қалыптасқан радиоэкологиялық жағдайға сәйкес келтіру, сондай-ақ неғұрлым қауіпті объектілерді толық жою міндеті қойылады.
Авторы: Илья МИЛЛЕР / Семей
«Экспресс К» республикалық газетінің интернет-нұсқасы
02 қазан 2024
27 қыркүйек 2024
27 қыркүйек 2024
26 қыркүйек 2024