АҚШ Елшісі Ұлттық ядролық орталыққа келді


04 қыркүйек 2026

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына АҚШ-тың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули М. Стаффт келді.

Кездесу барысында ҚР ҰЯО басшылығымен ядролық қауіпсіздік және ядролық қаруды таратпау салаларындағы Қазақстан мен АҚШ-тың көпжылдық ынтымақтастығының нәтижелері, сондай-ақ алдағы бірлескен жұмыстар талқыланды.

Ұлттық ядролық орталықтың АҚШ ұйымдарымен ынтымақтастығы отыз жылдан астам уақытты қамтиды. Осы кезеңде ядролық сынақтар инфрақұрылымын жоюға және бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағын қауіпсіз күйге келтіруге, ядролық материалдардың таралу қаупін азайтуға, сондай-ақ ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи тәсілдерін дамытуға бағытталған бірқатар ауқымды жоба іске асырылды.

Серіктестіктің маңызды бағыттарының бірі Орталықтың зерттеу реакторларын төмен байытылған уран отынына көшіру болды. Көпжылдық бірлескен жұмыстың нәтижесінде ИВГ.1М реакторын конверсиялау жұмыстары сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта ИГР зерттеу реакторын конверсиялау, жоғары байытылған отынмен жұмыс істеу және басқа да бағыттар бойынша ынтымақтастық жалғасып келеді.

Сапар барысында Джули М. Стаффт Ұлттық ядролық орталықтың ғылыми-техникалық әлеуетімен танысты. Елші Семей сынақ полигонының тарихына арналған экспозициялық залды, «Тәжірибе алаңы» мен «Олимп» объектілерін, ИГР зерттеу реакторы кешенін, қазақстандық КТМ материалтану токамагын және кәсіпорынның зертханалық базасын аралады.

Бағдарламаның ерекше бөлігі Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл толуына орай Курчатов қаласында отырғызылған Бейбітшілік аллеясына бару болды. Ынтымақтастықты жалғастырудың және бейбітшілік пен ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ортақ ұстанымның белгісі ретінде АҚШ Елшісі осы жерде ағаш отырғызды.

Қазақстан мен АҚШ-тың бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағындағы көпжылдық серіктестігі бір кездері ядролық қаруды жасау мен сынау үшін пайдаланылған аумақтың бүгінде бейбітшілік, ғылым және халықаралық қауіпсіздік міндеттерін шешуге қызмет етіп отырғанының жарқын үлгісіне айналды.

международное сотрудничество