Александр Николаевич Колбаенковты еске алуға арналған ескерткіш тақта орнатылды


02 желтоксан 2025

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында кәсіпорын ардагері Колбаенков Александр Николаевичті еске алуға арналған ескерткіш тақта орнату рәсімі өткізілді.

30 қарашада Александр Николаевич 80 жасқа толар еді. Ол елу жылдан астам уақытын Ұлттық ядролық орталықта қызмет етуге арнап, газ жүйелері инженері қызметінен бастап, «Байкал-1» зерттеу реакторлары кешенінің бастығы, зерттеу кешенінің бас инженеріне дейінгі еңбек жолынан өтті, ал соңғы жылдары реакторлар және техникалық мәселелер жөніндегі бас маман лауазымын атқарды.

Александр Николаевич кешендегі негізгі эксперименттік жұмыстардың басы-қасында болды, соның ішінде 1972 жылы ИВГ-1 реакторын физикалық іске қосу, жаңғыртылған РА және ИВГ-1М реакторларын әзірлеу мен сынаудан өткізу, сондай-ақ «Байкал-1» кешенінің жүйелерін жасау және пайдалануға беру жұмыстарына қатысты. Білімі мен тәжірибесі арқылы эксперименттік зерттеулерді дамытуға, реактор қондырғыларының қауіпсіз жұмыс істеуіне зор үлес қосты.

Ол жас мамандар үшін тәлімгер, кәсіби шеберлік пен өз ісіне адалдықтың үлгісі болды. Еңбегі салалық және мемлекеттік наградалармен марапатталды. Колбаенков А. Н. – Курчатов қаласының Құрметті азаматы.

«Байкал-1» зерттеу реакторлары кешенінде орнатылған ескерткіш тақта – бүкіл өмірін осы жерге арнап, кешенді дамытуға өлшеусіз үлес қосқан жанға деген құрметтің белгісі. Оның қосқан үлесі ҚР Ұлттық ядролық орталығы тарихының ажырамас бөлігі болып қала бермек, ал мұрасы жүрегімізде сақталып, ұжымның жаңа жетістіктерінде өз орнын табары анық.

Открытие мемориальной доски