Атом саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын!


28 Қыркүйек 2022

 

Құрметті әріптестер!

Атом саласы қызметкерлерінің күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Кәсіби мерекемізді атап өте отырып, біз, әдеттегідей, жыл бойғы жұмысымыздың алдын ала қорытындысын шығарамыз, жетістіктерімізді бағалаймыз. Бұл жылы да осылай болмақ.

Биылғы жылы ғылыми зерттеулердің көптеген бағыттары бойынша тамаша нәтижелерге қол жеткіздік.

Жоғары байытылған уранды пайдалануды азайту жобасы ойдағыдай жүзеге асырылуда.

ИВГ.1М реакторында ТБУ отынындағы тәжірибелік арналар бойынша барлық кешенді реакторлық және материалтану зерттеулері аяқталып, арналардың реакторда пайдалануға жарамдылығы көрсетілді.

2022 жылғы 6 мамырда ИВГ.1М реакторын физикалық іске қосу сәтті жүргізілді. Келесі кезең – энергетикалық іске қосу жүзеге асырылғаннан кейін ИВГ.1М реакторын пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдында іске асырылмақ.

Сондай-ақ біз ИВГ.1М реакторының пайдаланылған жоғары байытылған ядролық отынымен жұмыс істеу үшін қажетті инфрақұрылым жасап жатырмыз. ПЯО-ны қаптау және уақытша сақтауға орналастыру нұсқасы қарастырылуда, сонымен қатар оны кәдеге жарату технологиясы әзірленуде.

Америкалық серіктестермен бірқатар кездесулер өткізіліп, олар осы салада қол жеткізген нәтижелерімізге жоғары баға берді.

Атом энергетикасының қауіпсіздігі бағыты бойынша ID-7 реакторішілік эксперименті ойдағыдай жүзеге асырылды. Бұл оқиға Жапонияның Атом энергетикасы жөніндегі агенттігінің тапсырысы бойынша ҚР Ұлттық ядролық орталығында іске асырылып жатқан EAGLE көпжылдық халықаралық зерттеу бағдарламасының маңызды кезеңінің аяқталуымен есте қалды.

Алынған бірегей эксперименттік деректер актив аймақ материалдарының балқуымен болатын ауыр авария туындаған жағдайда оның салдарын жеңілдетуге бағытталған болашақ перспективалық реакторлар конструкциясына арналған техникалық шешімдерді негіздеу үшін пайдаланылатын болады.

Францияның Атом энергиясы және баламалы энергия көздері жөніндегі комиссариатымен SAIGA жобасы бойынша 7-жылдық келісімшартты іс жүзінде жүзеге асыру бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындауда маңызды нәтижелерге қол жеткіздік, Ресейдің Доллежаль атындағы Ғылыми-зерттеу және конструкторлық энерготехника институтындағы әріптестермен Брест-ОД-300 жобасы бойынша зерттеулерді аяқтадық.

Жаңа бағыт – сутегі энергетикасы дами бастады. Сутегі және термоядролық энергетиканың зертханалық учаскесі ашылды.

Басқарылатын термоядролық синтез саласында КТМ токамагында жуықта жүргізілген эксперименттік кампания барысында плазма параметрлері айтарлықтай жақсартылды, бұл оны жұмыстың жобалық параметрлеріне шығарудағы кезекті жоспарлы қадам болып табылады.

Таратпау саласында екі жаңа алаң – «Балапан» мен «Сарыөзенде» қауіпті объектілерді анықтау бойынша зерттеу жұмыстарын бастадық. «Байкал-1» ЗРК және «ИГР» ЗРК-де физикалық қорғау жүйелерін жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Авариялық-техникалық орталық құрылыстарының кешенін салуға кірістік.

Сейсмикалық және инфрадыбыстық мониторинг станцияларының жұмыс істеуін қамтамасыз етуді жалғастырып, халықаралық шарттар шеңберінде қабылданған барлық міндеттемелерді орындаудамыз.

Радиациялық экология бағыты бойынша «Балапан» алаңын радиациялық зерттеу жұмыстары жалғасуда, ССП аумағында шаруашылық қызметпен айналысатын кәсіпорындардың жұмысын радиациялық сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Ядролық қару сынақтары өткізілген жер учаскелеріне кешенді экологиялық тексеру жүргізу әдістемесі әзірленіп, бекітілді, сәулеленудің әртүрлі сценарийлері кезінде толық жеке дозиметриялық бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа жабдықтар сатып алынды.

Жоспарланған барлық құрылыс-монтаждау және жөндеу жұмыстарын толық көлемде орындадық.

Алдымызда әлі де көптеген жоспарлар, жаңа жобалар бар.

Біздің ғылыми, техникалық және өндірістік әлеуетіміз, сіздердің жоғары кәсіби шеберліктеріңіз алға қойған міндеттерді жемісті шешуді қамтамасыз ететініне сенімдімін.

Бүгінгі мереке күні Сіздерге және Сіздердің жақындарыңызға зор денсаулық, отбасылық амандық және алға қойған жоспарларыңыздың ойдағыдай орындалуын тілеймін!

Қазақстан Республикасының атом саласы өркендей берсін!

Эрлан Батырбеков, бас директор

поздравление ИРБЭ День работников атомной отрасли ИАЭ Байкал Эрлан Батырбеков РГП НЯЦ РК ИГИ