СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АЙМАҒЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ


02 маусым 2022

Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!

 

№ 30 жоба. 2020-2022 жж. «СЕМЕЙ ЯДРОЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК АЙМАҒЫ ТУРАЛЫ» ЗАҢ ЖОБАСЫ

ҚР ҰЯО жүргізген ССП-ны кешенді экологиялық тексеру нәтижесінде радиоактивті ластанудың маңызды учаскелері, радиоактивті заттардың ағымдағы және ықтимал таралуының негізгі жолдары мен тетіктері анықталды. Тексеру радиоактивті ластанудың жергілікті сипатқа ие және ССП-ның бүкіл аумағында шоғырланбағандығы туралы түсінік қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Алайда, қазіргі уақытта проблемалық мәселелер анықталды. ССП жерлері жергілікті атқарушы органдардың қарамағындағы босалқы жерге жатады, бұл бөгде адамдардың іс-әрекеттерін және аталған аумақтарда болып жатқан оқиғаларды бақылауды қиындатады.

Бұдан басқа, полигон жерлері үш облыстың әкімшілік шекараларында орналасқан, бұл да оның аумағының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешуді қиындатады.

Радиоактивті ластану деңгейін үздіксіз мониторингілеудің болмауы өзекті деректердің болмауына себеп болады. Халық полигонның ластанған алаңдарына кедергісіз қол жеткізе алады, бұл денсаулыққа зиян келуіне себеп болып, радиоактивті қалдықтарды қаскүнемдік мақсаттарда пайдалану ықтималдығын тудырады. Полигонның нормативтен тыс ластанған жерлерін оңалту және рекультивациялау іс жүзінде жүргізілмейді.

Полигонның ықтимал жарамды жерлерінің бір бөлігі ластанған және таза жердің арасында бөлінудің болмауына байланысты бүгінде тоқтап тұр. Ол үшін радиоактивті ластанған жерлерде арнайы аймақ – Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру және шартты таза жерлерді шаруашылық айналымға беру туралы мәселені қарастыру ұсынылады.

Осыған байланысты 2 заң жобасы әзірленді, олар «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» заң жобасы және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Семей ядролық қауіпсіздік аймағы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы.

Өзекті мәселелерді шешу үшін заң жобалары келесі іс-шараларды іске асыруды  ұсынады:

– тиімді басқару мақсатында «ядролық қауіпсіздік аймағының жері» жаңа жер санатын енгізу;

– Семей ядролық қауіпсіздік аймағының аумағында жұмыстарды орындауға жауапты Энергетика министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымын тағайындау;

– кешенді экологиялық тексеру және мемлекеттік экологиялық сараптама нәтижелері бойынша нормативтен тыс радиациялық ластануы бар аумақтардың және шартты түрде таза жерлердің шекаралары мен алаңын айқындау;

– полигонның ластанған жерлерінің статусын «босалқы жерлер» санатынан «ядролық қауіпсіздік аймағының жері» санатына өзгерту және ластанған жерлерде Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру, жерді ауыстыру, оның шекарасы мен алаңын Үкімет қаулысымен айқындау;

– радиациялық жағдайды мониторингілеу және бақылау;

– ластанған учаскелерді оңалту;

– мамандандырылған аймақта ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шараларын ұйымдастыру.

Осылайша, заң жобаларында қаралатын мәселелер өзекті болып табылады және аталған заң жобаларын қабылдау, тұтастай алғанда ел экономикасына, экологияға және өңірлердегі әлеуметтік жағдайға оң әсер етеді.

Қазіргі уақытта заң жобалары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде бірінші оқылымнан өтті және олар 2022 жылдың екінші жартысында қабылданады деп күтілуде.

СИП Ядерная безопасность ИРБЭ РГП НЯЦ РК экологическая безопасность законопроект «О Семипалатинской зоне ядерной безопасности» реабилитации территории бывшего полигона МЭ РК радиационный контроль Мажилис Парламента РК «земли зоны ядерной безопасности»