«Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл: ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа» сайд-ивенті


17 қыркүйек 2026

2026 жылғы 16 қыркүйекте Вена қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас конференциясының 70-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының «Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына 35 жыл: ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа» атты сайд-ивенті өтті.

Іс-шара Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейінгі Қазақстанның 35 жылдық даму жолына арналды. Атап айтқанда, ядролық сынақтардың салдарын зерттеу және еңсеруден бастап, заманауи ғылымды дамытуға, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ жинақталған ғылыми және эксперименттік әлеуетті бейбіт мақсатта пайдалануға дейінгі кезеңдер қамтылды.

Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Ғ.Е. Сергазин іс-шараға қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ МАГАТЭ өкілі, секция басшысы Sandra Marie Steyskal қатысушыларға арнап сөз сөйледі.

Бағдарламаның негізгі бөлімін ҚР ҰЯО бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары В.А. Витюк ашып, Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін қалыптасқан ғылыми-техникалық әлеуеттің негізгі даму кезеңдерін, сондай-ақ Ұлттық ядролық орталықтың қазіргі қызмет бағыттарын таныстырды.

Іс-шара барысында бұрынғы полигон аумағында жүргізілген көпжылдық радиоэкологиялық зерттеулердің нәтижелеріне ерекше назар аударылды. «Радиациялық қауіпсіздік және экология институты» филиалының бөлім бастығы А.К. Айдарханова радиоэкологиялық ахуалды кешенді зерттеу нәтижелерін және бұрынғы сынақ полигоны аумағын жүйелі басқарудың ғылыми тәсілдерін таныстырды.

Қазақстанның атом энергетикасының перспективалық бағыттарын дамытуға, эксперименттік базаны жетілдіруге және ғылыми-техникалық сүйемелдеуге бағытталған Ұлттық ядролық орталықтың қазіргі зерттеулері туралы «Атом энергиясы институты» филиалы директорының орынбасары А.Ж. Миниязов баяндама жасады.

Осылайша, сайд-ивент аясында Семей ядролық сынақ полигонының тарихы өзара байланысты бірнеше бағытта — тарихи, радиоэкологиялық және ғылыми-технологиялық қырынан ұсынылды. Жинақталған білім, бірегей эксперименттік инфрақұрылым және қазақстандық мамандардың кәсіби құзыреті бүгінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзекті мәселелерді шешуге, сондай-ақ ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталып отырғанына ерекше мән берілді.

Сайд-ивенттің МАГАТЭ Бас конференциясы алаңында өткізілуі Қазақстан мен оның Ұлттық ядролық орталығының көпжылдық жұмысының нәтижелерін халықаралық қоғамдастыққа таныстыруға, сондай-ақ жүйелі ғылыми қызмет пен халықаралық ынтымақтастықтың жинақталған білім мен тәжірибені жаңа ғылыми зерттеулер мен технологияларды дамытуға, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға бағытталған практикалық шешімдерге айналдырудағы маңызын көрсетуге мүмкіндік берді.

международное сотрудничество