15 қыркүйек 2026


Вена қаласында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) Бас конференциясының 70-сессиясы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) өкілдерінің Халықаралық ITER ұйымының (ITER Organization) бас директоры Пьетро Барабаскимен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар басқарылатын термоядролық синтез, материалдарды зерттеу және ҚР ҰЯО РМК-нің эксперименттік инфрақұрылымын пайдалану саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны болашақта одан әрі дамыту жайлы талқылады.
ҚР ҰЯО РМК мен ITER арасындағы ынтымақтастықтың тұрақты түрде дамып келе жатқаны атап көрсетілді. Ынтымақтастық туралы алғашқы келісімге 2017 жылы қол қойылды, ал 2025 жылғы маусымда оның қолданылу мерзімі тағы бес жылға ұзартылды. Бұл келісім мамандар алмасуды және өзара қызығушылық тудырып отырған бағыттар бойынша ғылыми-техникалық өзара іс-қимыл жүргізуді дамытуды көздейді.
Қазіргі уақытта реакторлық сәулелену жағдайында антифрикциялық жабынды сынау бойынша бірлескен жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар өзара іс-қимылдың жаңа бағыттары, оның ішінде ITER вакуум камерасының жай-күйін мониторингілеу жүйесін сынау үшін КТМ токамагын пайдалану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. ҚР ҰЯО РМК КТМ-ді тек ұлттық зерттеу қондырғысы ретінде ғана емес, сондай-ақ термоядролық энергетиканы дамыту мақсатындағы қолданбалы міндеттерді орындауға арналған халықаралық эксперименттік платформа ретінде қарастырады.
Кездесуде қазақстандық мамандарды халықаралық зерттеулерге одан әрі тартуға ерекше назар аударылды. 2026 жылғы 3 шілдеде Қазақстан Халықаралық энергетика агенттігінің Токамактар бойынша технологиялық ынтымақтастық бағдарламасына ресми түрде қосылды. Қазақстан атынан осы бағдарламаға ҚР Ұлттық ядролық орталығы қатысады. Бағдарламаға қатысу бірлескен зерттеулер жүргізу, ғылыми-техникалық деректер алмасу және КТМ токамагының мүмкіндіктерін неғұрлым кеңірек пайдалануға қосымша жағдай жасайды.
Сонымен қатар ҚР ҰЯО РМК өкілдері ITER басшылығын Қазақстанның басқарылатын термоядролық синтез бағдарламасының даму барысы туралы хабардар етті. КТМ токамагында плазмалық разрядтың омдық режимдегі жобалық параметрлеріне қол жеткізілді, плазманы қосымша қыздыру жүйесін іске қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта ҚР ҰЯО РМК модельдеу, эксперименттік деректерді өңдеу мүмкіндіктерін кеңейту және кәсіпорын мамандарының халықаралық зерттеу бағдарламаларына қатысуы үшін IMAS платформасын енгізуді жоспарлап отыр.
Тараптар сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға және ҚР ҰЯО РМК-нің ғылыми инфрақұрылымы мен құзыреттерін ITER және халықаралық термоядролық қауымдастықтың міндеттерін шешуге бағытталған жаңа бірлескен жобаларды қарастыруға мүдделі екенін растады.
Кездесу барысында ҚР ҰЯО РМК өкілдері ITER басшылығын жобаның соңғы жетістіктерімен құттықтады. 2026 жылғы шілдеде токамактың тоғыз секторлық модулінің алтыншысы орнатылды, нәтижесінде ITER вакуум камерасының үштен екісі жобалық күйге келтірілді. Бұл операция жоспарланған мерзімнен шамамен алты ай бұрын орындалды.
15 қыркүйек 2026
11 қыркүйек 2026
10 қыркүйек 2026
04 қыркүйек 2026