02 қазан 2024
2024 жылғы 1 қазанда Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында Қазақстан, Қытай, АҚШ, Жапонияның атом саласы ұйымдары өкілдерінің қатысуымен «Атом саласын ғылыми-техникалық қолдау» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өткізілді.
Іс-шара барысында атом энергетикасын дамытудың негізгі мәселелері талқыланды.
Қазақстандық мамандар атом энергетикасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында іске асырылған жобалар, халықаралық ынтымақтастық, атом саласы үшін кадр даярлау, одан әрі даму перспективасы туралы баяндады.
Қытай Атом энергиясы институты, Айдахо ұлттық зертханасы және Жапонияның атом өнеркәсібі форумы атом энергетикасы саласындағы жобаларды іске асырудың халықаралық тәжірибесін ұсынды.
Атап айтсақ, Қытай бүгінгі күні атом энергетикасын дамыту қарқыны бойынша дүние жүзіне танылған көшбасшы болып саналады және 2023 жылға қарай әлемдегі атом реакторларының саны бойынша алдыңғы қатарлы елдердің біріне айналды. Атом энергетикасы елдің көмірсутегіне тәуелділігін азайту және энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жөніндегі ұзақ мерзімді стратегиясының негізгі элементіне айналды. Қытайда атом электр станцияларының іске қосылуы АЭС салынған аймақтарда инфрақұрылымның белсенді дамуына түрткі болды. АЭС айналасында заманауи инфрақұрылымы, дамыған жол тораптары бар және жоғары сапалы әлеуметтік қызмет көрсетілетін жаңа қалалар бой көтерді. Бұл халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар осы аймақтарға қосымша инвестициялар тарта отырып, экономикалық тұрғыдан дамуын жеделдетуге ықпал етті.
Өзара қызығушылықты ескере отырып, соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселесі бойынша ғылыми ынтымақтастық белсенді дамып келеді. Атап айтқанда, Ұлттық ядролық орталық пен Қытай Атом энергиясы институты арасындағы ынтымақтастық дамып келеді. Кәсіпорындардың атом энергетикасы саласында ғылыми зерттеу жүргізу тәжірибесі мол, әрқайсысының дамыған, өзіндік бірегей зерттеу базасы бар, осының барлығы екіжақты табысты ғылыми-техникалық кооперацияны дамыту үшін жақсы алаң болып саналады. Ынтымақтастық 2023 жылы МАГАТЭ бас конференциясының сессиясында қол қойылған меморандуммен бекітілді.
Жапондық мамандардың да тәжірибесі қызықты. Жапония парниктік газ шығарындысын нөлге дейін азайту, жаңартылатын энергия көздерін барынша арттыру, жеке сектор компанияларына, ғылыми-зерттеу институттарына және академияларға көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін таза технологиялық инновациялармен жұмыс істеуде қолдау көрсету саясатын ұстанады. Жапония атом энергетикасы дамып келе жатқан елдерге үлкен қолдау көрсетіп, МАГАТЭ-мен ынтымақтастықта ядролық сала сарапшыларын оқыту және атом электр станцияларына апару арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тәжірибесімен және технологиялармен алмасу үшін Жапонияға шақырады.
Биыл атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан – Жапония ғылыми-техникалық ынтымақтастығына 30 жыл толды. Жапондық мамандармен бірлесіп атом-энергетикалық реактор қондырғыларының қауіпсіздігі саласында, жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлардың технологиясын дамыту және қолдану саласында ауқымды бірегей жобалар, сондай-ақ Қазақстанда атом энергетикасын дамытуды негіздеу мақсатындағы зерттеулер жүзеге асырылды. Бұлар – атом энергетикасының қауіпсіздігі мәселесін шешуге маңызды үлес қосқан COTELS, EAGLE, Fukushima Debris, CORMIT және т. б. жобалар. Атом саласы мен ғылымның кадрлық әлеуетін сақтау және дамыту мәселесі бойынша көп жұмыс жүргізілді және әлі де жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Айдахо ұлттық зертханасының (АҚШ) мамандары зерттеу тәжірибесімен бөлісті. Бүгінде АҚШ-тың ғылыми зертханалары негізінде қауіпсіз ядролық реакторлардың жаңа жобаларын дамыту бойынша орасан зор жұмыс жүргізіліп жатыр. Айдахо ұлттық зертханасы осы бағытта барынша белсенді жұмыс істейді, оның негізінде әртүрлі типтегі және мақсаттағы 52 ядролық реактор жасалды, бұл әлемдегі ең үлкен ядролық реакторлар жиынтығы болып саналады. Айдахо зертханасының атом энергетикасына ғылыми-техникалық қолдау көрсетудегі тәжірибесі өте мол. ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен Айдахо ұлттық зертханасының қазіргі ынтымақтастығы негізінен ядролық зерттеу реакторларын конверсиялау жобасын іске асыруға бағытталған. Бүгінгі күні өзара іс-қимыл саласын кеңейту талқыланып жатыр, бұл перспективалық ядролық реакторлардың қауіпсіздігі, реакторлық материалтану, сутегі энергетикасы технологиялары саласындағы ұйымдардың реакторлық базасын пайдалана отырып зерттеулер жүргізу болуы мүмкін.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, Қазақстан Республикасында атом энергетикасын ойдағыдай дамыту үшін қажет нәрсенің бәрі бар екені айтылды, сондай-ақ қатысушылар қазақстандықтар референдумға белсенді қатысып, елімізде АЭС салу туралы шешімді қолдайды деп үміттенді.
11 қазан 2024
27 қыркүйек 2024
27 қыркүйек 2024
26 қыркүйек 2024