07 наурыз 2023
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының мамандары әзірлеген сәулеленген жоғары байытылған уран (ЖБУ) отынын сұйылту және иммобилизациялау технологиясы бүгінгі таңда әлемдегі бірегей әрі жалғыз технология болып саналады.
2010 жылы Қазақстан Республикасының ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы Battelle Energy Alliance, LLC (АҚШ) компаниясымен бірлесіп, ИВГ.1М және ИГР зерттеу реакторларын төмен байытылған уран (ТБУ) отынына конверсиялау жөніндегі ауқымды жобаны бастаған еді. Бұл жұмыстар жоғары байытылған уранның жинақталған қорын шоғырландыру және жою, зерттеу реакторларын төмен байытылған ядролық отынға көшіру жөніндегі жаһандық бастама шеңберінде жүргізілді.
60 жылдан астам сақтауда тұрған ИГР реакторының бірінші актив аймағының сәулеленген графит отынын кәдеге жарату мәселесін шешу үшін ҚР ҰЯО мамандары сұйылту мен иммобилизациялаудың өзіндік тұжырымдамалық технологиясын ұсынды. Бұл технологияны Айдахо ұлттық зертханасы мен Селлафилд атом кешенінің мамандары және МАГАТЭ сарапшылары мақұлдады. Технологияның мәні – ЖБУ отынын ұнтақтап, кемітілген уран диоксидімен араластыру арқылы сұйылту, содан кейін белгілі бір технологиялық талаптарға сәйкес оны цемент матрицасына салу.
Осы технологияны қолдау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары (ҒЗЖ) орындалып, әзірленген матрицаның Қазақстан Республикасының қағидалары мен стандарттарында, сондай-ақ МАГАТЭ талаптарында айқындалған өлшемдерге сәйкес келетіндігі расталды. ҒЗЖ және эксперименттік апробация нәтижелері бойынша ИГР реакторының бірінші актив аймағының сәулеленген графит ЖБУ отынын сұйылту және иммобилизациялау технологиясы әзірленіп, МАГАТЭ-ге сараптамалық бағалауға жіберілді.
МАГАТЭ-нің жетекші сарапшылары технологияны әзірлеу нәтижелерін қарап, осы жылдың 28 ақпанында Ұлттық ядролық орталыққа оң пікірмен қорытынды жіберді. Сараптамалық қорытындыда технологияның бірегейлігі мен оның іргелі сенімділігі атап көрсетілген. Сонымен қатар МАГАТЭ өкілдері ИГР реакторының сұйылтылған ЖБУ отынын иммобилизациялауға арналған жобалық негізге қолдау көрсету үшін жақсы жоспарланып, жүзеге асырылған зерттеу бағдарламасының арқасында барлық көзделген мақсатқа қол жеткізілгенін атап көрсетті.
Қазірдің өзінде бұл технологияны ЖБУ-ды барынша азайту бағдарламасына қатысатын басқа елдерде осындай отын түрлері үшін қолдануға болады деп айта аламыз. Бұл міндетті жүзеге асыру ядролық қаруды таратпау ісіндегі маңызды жетістік болып саналады.
05 желтоксан 2024
27 қараша 2024
27 қараша 2024
22 қараша 2024