Ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымын жою. «Балапан» сынақ алаңының ұңғымаларын жабу


08 мамыр 2022

Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!

№ 5 жоба. 1997–1998 жж. Ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымын жою. «Балапан» сынақ алаңының ұңғымаларын жабу.

«Балапан» сынақ алаңы жер асты сынақтарын өткізуге арналды. Оның қызмет ету кезеңінде 1968-1989 жылдар аралығында 131 ядролық сынақ (196 жерасты ядролық жарылыстары) өткізілді.

Полигон жабылғаннан кейін «Балапан» алаңында СС-18 континентаралық баллистикалық зымырандардың (КБЗ) 12 шахталық ұшыру қондырғысы (ШҰҚ) және ядролық сынақтар жүргізу үшін дайын пайдаланылмаған 13 ұңғыма қалды.

Пайдаланылмаған ұңғымаларды тексеру ұңғымалардың саға маңындағы учаскелерінде далалық радиометрлік өлшеу, ұңғымалардың қазіргі жай-күйін тексеру, ұңғымаларда каротаждық және гидрологиялық зерттеулер жүргізу жұмыстарын орындаудан тұрды. Тексеру барысында алынған ақпарат әрбір пайдаланылмаған ұңғыманы жабу әдістерін әзірлеп ұсынуға және жұмыстарды қауіпсіз жүргізу шараларын әзірлеуге мүмкіндік берді.

Аталған жұмыстың негізгі міндеті пайдаланылмаған ұңғымаларды жабу және толықтай бітеу, екіншісі – жойылатын төрт ұңғымада 25 тонна жарылғыш материалды жару бойынша эксперимент жүргізу болды.

1997 жылы үш ұңғыма калибрлеу экспериментін өткізе отырып жабылды. 1998 жылы № 1071-бис ұңғымасында  калибрлеу экспериментін өткізе отырып, он сынақ ұңғымасы жабылды.

1997–1998 жылдары «Балапан» алаңында 20 жарылыс жүргізілді. Зарядтардың массасы 51,2 – 25040 кг аралығында, ЖЗ зарядын салу тереңдігі 0,0 – 630,0 м аралығында дейін өзгеріп тұрды.

Жабу кезінде негізгі жарылғыш зат ретінде гранулотол қолданылды. Бұған қоса, № 1383 ұңғымада жер бетінде және 190 м тереңдікте аммиак-селитра жарылғыш материалы – Э гранулиті ойдағыдай сынақтан өткізілді. 

Жою кезінде жарылғыш материлдар пайдаланылған ұңғымалардың «Балапан» алаңының басым аумағында орналасқандығын және де бұл ретте полигонның жылдамдық сипаттамасын томографиялық бейнелеу үшін рентген сәулесін түсірумен қамту мүмкіндігі бар екендігін ескере отырып, жарылыстардың барлығы Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының сейсмикалық станцияларында тіркелді. Сейсмикалық сигналдарды тіркеу үшін «Балапан» алаңында үш құрауышты 8 сейсмикалық уақытша станциядан тұратын желі құрылды.

 Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде «Балапан» алаңының 13 пайдаланылмаған сынақ ұңғымасы жойылып, бітелді. Оларды жою үшін Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген өнеркәсіптік жарылғыш материалдар жарылысы қолданылды. Диаметрі үлкен ұңғымаларда (1,0 метрден асатын) 6,0 МПа дейінгі гидростатикалық қысымда өнеркәсіптік жарылғыш материалдарды зарядтау және жару технологиясы әзірленіп, әлемде алғаш рет қолданылды.

Ұңғымаларды жоюға арналған жарылыстардан туындаған сейсмикалық толқындар «Балапан» алаңында арнайы құрылған сейсмикалық уақытша станциялар желісімен, сондай ҚР Ұлттық ядролық орталығының сейсмикалық станцияларымен және обсерваторияларымен тіркелді.

Ұңғымаларды жоюдың соңғы кезеңі ұңғымалардың алаңдарына іргелес жатқан аумақтардан жинап алынған металл сынықтарын қосып шұңқырларды сол жердегі топырақпен бітеу жолымен жүзеге асырылды.

Шұңқырды көму аяқталған соң өлшемі 100х100 м учаскеге тегістеу жүргізілді.

Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы континентаралық баллистикалық зымырандардың (КБЗ) шахталық ұшыру қондырғыларын (ШҰҚ), апатты жағдайлардың салдарын жоюға және жаппай қырып-жоятын қарудың таралуына жол бермеуге қатысты 1993 жылғы 13 желтоқсандағы келісімді, АҚШ Қорғаныс департаменті мен ҚР Ғылым министрлігі – Ғылым Академиясы арасындағы ядролық инфрақұрылымдарды жою жою туралы 1995 жылғы 3 қазандағы келісімді (1996 жылғы 10 маусымдағы Түзетуді ескерумен) орындау үшін және келісімшарт шеңберінде бұрынғы далалық сейсмикалық кешен аумағындағы КБЗ-ның СС-18 ШҰҚ-ын жою бойынша жұмыстар орындалды.

ШҰҚ-ты жою жұмыстарын жүргізу барысында ҚР ҰЯО РМК жұмыстар жүргізілетін жерді алдын ала сипаттауды және жұмыстардың қоршаған ортаға әсерін жою және бағалау жобасын әзірлеу үшін қажетті қорытынды радиологиялық тексеруді қамтамасыз етті.

Қазіргі уақытта ШҰҚ алаңдарының аумағында, шамасы ішкі қуыстардың салдарынан болар, топырағы шөккен жерлер бар. Ойылымдардың пішіні терең жарықшақтармен тілімделген, сақиналық және диаметрлік бағыты бар дөңгеленген ойпаң түрінде болып келеді. Кей кезде ойпаңдардың ортасында немесе шетінде тереңдігі 1 м дейінгі (диаметрі 0,5 м дейінгі) шағын шұңқырлар кездеседі. Ойпаңдардың өлшемдері әртүрлі, бірнеше метрден бірнеше ондаған метрге дейін (әдетте 30 метрден аспайды). Бұрын ШҰҚ орналасқан жерде тереңдігі бірнеше метрлік, бұрынғы ШҰҚ қабырғаларының бетон конструкцияларымен шектелген сақиналық ойылым бар.

ШҰҚ орналасқан аумақтағы радиациялық жағдай қоршаған орта мен халыққа радиациялық қауіп төндірмейді, топырақтағы радионуклидтер мен металдардың мөлшері орташа мәндер шегінде.

радиоэкология радионуклиды Ядерные испытания ИРБЭ ИАЭ Байкал РГП НЯЦ РК ИГИ сейсмическая станция подземные ядерные взрывы Балапан сейсмический мониторинг «боевая» скважина 1388 радиационный фон приземной атмосферы ликвидация инфраструктуры