Ұлттық ядролық орталық реакторлық зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді


02 қазан 2026

Ташкент қаласында көп мақсатты шапшаң зерттеу реакторы (КШЗР) базасындағы Халықаралық зерттеулер орталығының Консультативтік кеңесі отырысында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы ИГР зерттеу реакторында стационарлық емес сынақтар жүргізу тәжірибесін таныстырды.

Басты назар ИГР реакторының ядролық отын мен материалдарды өтпелі және авариялық режимде сынау мүмкіндігіне аударылды. ҚР ҰЯО-ның жинақтаған эксперименттік тәжірибесі үлкен сұранысқа ие, атап айтқанда ядролық қондырғылардың қауіпсіздігін негіздеу кезінде қолданылатын есептік модельдерді тексеру және валидациялау үшін де қажет.

Қатысушыларға БРЕСТ тақырыбы шеңберінде, сондай-ақ EAGLE және SAIGA халықаралық жобалары аясында жүргізілген зерттеулердің нәтижесі таныстырылды.

ИГР реакторының эксперименттік деректерін есептік кодтарды валидациялау мақсатында пайдалануға ерекше назар аударылды.

ҚР ҰЯО-ның КШЗР Халықаралық зерттеулер орталығының жұмысына қатысуы перспективалық ядролық отын түрлері мен материалдарын зерттеу, эксперименттік жұмыстар жүргізу және атом энергетикасына арналған есептік құралдарды жетілдіру саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін қосымша мүмкіндік береді.

ИГР реакторные исследования