Қазақстан жаһандық термоядролық зерттеулер күн тәртібінде


17 желтоксан 2025

Ұлттық ядролық орталық Қазақстан Республикасының атынан Токамактар физикасы жөніндегі халықаралық бағдарламаның (ITPA) Үйлестіру комитетінің отырысына, сондай-ақ Халықаралық энергетика агенттігінің токамактар бағдарламасы жөніндегі технологиялық ынтымақтастық бағдарламасы (TCP-CTP) Атқарушы комитетінің 16-отырысына қатысты. Бұл іс-шаралар ИТЭР халықаралық ұйымы шеңберінде өткізілді.

Отырыстар барысында басқарылатын термоядролық синтез саласындағы зерттеулердің өзекті нәтижесі, диагностика жүйелерін дамыту және жоғары температуралы плазма жағдайында жұмыс істеуге арналған материалдар, сондай-ақ алдағы кезеңге арналған бейінді жұмыс топтарының жоспарлары ұсынылды.

Іс-шаралар аясында қазақстандық делегация Қазақстан Республикасының Халықаралық энергетика агенттігінің токамактар бағдарламасына қосылу туралы бастамасын жариялады. Бұл бастамаға ITPA және TCP-CTP бағдарламаларының қазіргі қатысушылары оң пікір білдіріп, қолдау көрсетті.

Мұндай бағдарламаға қатысу қазақстандық ғалымдарға кәсіби байланысты дамытып, нығайтуға, өзекті ғылыми деректерге қол жеткізуге, сондай-ақ басқарылатын термоядролық синтездің жоғары технологиялық саласында жұмыс істейтін жетекші ұйымдармен бірлесіп зерттеу жүргізу перспективасын талқылауға мүмкіндік береді.

термоядерный синтез