09 маусым 2025
6 маусымда Монруж қаласындағы Ядролық қауіпсіздік және радиациялық қорғау жөніндегі агенттікке (ASNR) жасалған сапар Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы (ҚР ҰЯО) делегациясының Францияға жасаған сапарын табысты аяқтады. ASNR тәуелсіз әкімшілік орган ретінде Франциядағы азаматтық ядролық қызметті мемлекет атынан бақылайды. Агенттік ядролық қауіпсіздік пен радиациялық қорғау саласында зерттеу, сараптамалық, оқу және жұртшылықты ақпараттандыру қызметтерін де жүзеге асырады.
Сапардың басты мақсаты – атом энергетикасы объектілерінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Францияның тәжірибесімен танысу болды. Атом электр станциялары өндіретін энергия көлемі бойынша Франция әлемде екінші орынды алады, ал атом энергетикасының үлесі бойынша – бірінші орында. Бұл Францияға атом энергиясын пайдалану және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында ауқымды құзыреттерді жинақтауға мүмкіндік берді. Сапар барысында ASNR бас вице-президенті Жан-Люк Лаш бастаған ASNR басшылығымен кездесу өтті. Қонақтарға ASNR қызметі туралы презентация ұсынылып, Дағдарыс орталығына бару ұйымдастырылды. ҚР ҰЯО қызметкерлері қызметтерінің негізгі нәтижелері, радиоэкологиялық зерттеулер мен радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі қызметтердің нәтижелері туралы баяндамалар жасады. Тараптар ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ұйымдардың жоғары деңгейдегі құзыреттерін атап өтті. Жұмыс кеңесі барысында ықтимал бірлескен зерттеулер бағыттары талқыланды.
Аталған сапардың маңыздылығы – Қазақстанның атом электр станциясын салу және жалпы атом энергетикасын дамыту туралы шешім қабылдауымен байланысты. Осыған орай, қазіргі уақытта халық пен қоршаған ортаны ядролық және радиациялық қауіпсіздікпен қамтамасыз ететін жүйені қалыптастыру қажет.
09 маусым 2025
05 маусым 2025
05 маусым 2025
05 маусым 2025