22 қараша 2024
Ядролық отын циклі дивизионының бас директоры Ямазуки Татсуя мырза бастаған жапондық Марубени Корпорэйшн компаниясының делегациясы басқарылатын термоядролық синтезді (БТС) дамыту саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылау мақсатында жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында болып қайтты.
Ұйымдарымыздың ядролық реакторлардың қауіпсіздігін жоғарылату саласындағы өнімді ынтымақтасу тарихы үлкен, оның нәтижесінде COTELS, CORMIT, Fukushima Debris сияқты бірегей жобалар ойдағыдай іске асырылды. Бүгінгі таңда жапондық мамандардың назары кәсіпорын ғалымдарының әлемде баламасы жоқ Қазақстандық КТМ материалтану токамагындағы, зерттеу реакторларындағы, сондай-ақ плазмалық эксперименттер жүргізуге арналған қосалқы қондырғылардағы табысты ғылыми жұмыстарымен ұштастырылған Ұлттық ядролық орталықтың БТС саласындағы біліктілігі мен эксперименттік мүмкіндіктеріне бағытталған. Қазіргі уақытта БТС технологияларын қолдау мақсатында ҚР ҰЯО базасында болашақ термоядролық реакторлардың бірінші қабырғасының кандидат материалдарын сынауды, плазма физикасын зерттеуді және термоядролық реакторларға арналған жаңа технологиялық шешімдерді тестілеуді қоса алғанда кең ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Ядролық зерттеу реакторларының негізінде ИТЭР халықаралық термоядролық реакторының материалдары мен компоненттері сыналды, болашақ термоядролық реакторларға арналған техникалық шешімдерді әзірлеу және негіздеу кезінде қолданылатын маңызды ғылыми деректер алынды.
Сапар қорытындысы бойынша жапондық мамандар Ұлттық ядролық орталықтың БТС технологияларын дамыту саласындағы біліктілігін жоғары бағалап, болашақтың энергетикасын дамытудың ең перспективалық бағыттарының бірі ретінде осы салада жүргізілген зерттеулердің маңыздылығы мен өзектілігін атап көрсетті.
05 желтоксан 2024
27 қараша 2024
27 қараша 2024
31 қазан 2024