ИВГ.1М реакторының жаңа ССТА-ТБУ отынымен жұмысы туралы


19 Маусым 2020

ҚР Ұлттық ядролық орталығының және Аргонн ұлттық зертханасының (АҚШ) мамандары бейнеконференция барысында ИВГ.1М реакторын конверсиялау бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаның техникалық мәселелерін талқылады.

Төмен байытылған уран отыны бар сумен салқындатылатын сәулеленген екі арнаны (ССТА-ТБУ) зерттеу нәтижелері қарастырылып, реакторды физикалық іске қосу кезеңіне дайындаудың ағымдағы мәселелері талқыланды, одан арғы жұмыс жоспарлары бойынша шешімдер келісіліп, қабылданды.

Анықтама үшін. «Луч» ҒӨБ ҒЗИ ФМУК (Ресей) 2014 жылы ҚР Ұлттық ядролық орталығына ССТА-ТБУ екі тәжірибелік технологиялық арнасын жеткізуді жүзеге асырды. Тәжірибелік ССТА-ТБУ ресурстық сынаулар жүргізу үшін ИВГ.1М реакторының актив аймақ ұяшығына тиелді. Сынаудың мақсаты – қолда бар актив аймақ құрамында екі ССТА-ТБУ-дың жұмыс істеу қабілеттілігін тексеру, арналардың техникалық талаптарға сәйкестігін анықтау және ИВГ.1М реакторының актив аймағын жинақтау үшін ССТА-ТБУ арналары партиясын дайындау туралы шешім қабылдау үшін қажетті деректер алу.

Екі тәжірибелік ССТА-ТБУ-ды сынау нәтижесінде олардың сипаттамаларының жобалық мәндерге сәйкестігі расталды және жұмыс істеу қабілеттілігі көрсетілді.

Қазіргі уақытта аяқталған реактордан кейінгі материалтану зерттеулері ИВГ.1М реакторын төмен байытылатын отынға ауыстыру жөніндегі міндеттердің орындалуы үшін эксперименттік отынды пайдалану мүмкіндігін толық анықтайды. Бұл 2021 жылы актив аймақтың отыз жаңа ССТА-ТБУ жүктемесін жоспарлауға және физикалық іске қосу кезеңін өткізуге негіз береді, ол ойдағыдай іске асырылған жағдайда ССТА-ТБУ отынымен ИВГ.1М реакторын энергетикалық іске қосу 2023 жылы мүмкін болады.

исследовательские реакторы