ҚР Ұлттық ядролық орталығы бас директорының жолдауы


30 Наурыз 2020

Құрметті әріптестер!

Қазақстан Республикасында эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына, Семей және Павлодар қалаларында коронавирус жұқтыру жағдайларының расталуына байланысты менің тапсырмам бойынша 2020 жылдың 30 наурызынан бастап Ұлттық ядролық орталық қызметкерлерінің бір бөлігі үйде қашықтықтан жұмыс істеу және амалсыз бос тұрып қалу режиміне ауыстырылды. Амалсыз бос тұрып қалу режиміне қызметінің ерекшелігіне байланысты қашықтықтан жұмыс істеуге жағдай жасау мүмкін болмаған қызметкерлер ауыстырылады. Мұндай күрделі шешім қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған шара ретінде ғана қабылданды, бұл біздің кәсіпорын қызметінің маңызды басымдығы болып табылады.

Өздеріңіз білетіндей, еліміздің басшылығы коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында маңызды шаралар қабылдауда: ТЖ режимі енгізілді, ел ішінде жүріп-тұру шектеледі, сауда орталықтарының, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы тоқтатыла тұрады және т.б. Осы күрделі кезеңде барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау жөнінде қажетті шаралар қабылданды, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау көзделген.

Сол сияқты Ұлттық ядролық орталықта да қазіргі жағдайда қызметкерлерге барынша қолдау көрсету шаралары қолданылуда және алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Өздеріңізбен бірге соңғы жылдары атқарған жемісті еңбегіміздің, халықаралық келісімшарттардың арқасында ҚР ҰЯО-да жеткілікті қаржылық резерв құрылды. Қала құраушы болып табылатын біздің кәсіпорын орналасқан Курчатов қаласының ерекшелігін ескере отырып, біз ұжымдық шартқа амалсыз бос тұрып қалу кезінде қызметкерлерге айлықақысынан 75%-ға дейін жалақы төлеуге мүмкіндік беретіндей етіп өзгерістер енгіздік. Қашықтықтан жұмыс істеу кезінде жалақы толық көлемде төленетін болады.

Сіздерден жасалған шарттардың барлық талаптарын сақтауды, бұл мәселеге саналы түрде және жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Бөлімше бастықтары мен кадрлық жұмыс бөліміне қызметкерлердің үйде қашықтықтан жұмыс істеу режимін сақтауына нақты бақылау жүргізуге тапсырма берілді.

Бүгінгі таңда кәсіпорын әкімшілігі сіздердің өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңызды қорғауға, сондай-ақ кәсіпорынның одан әрі ойдағыдай дамуына бағытталған барлық шараларды қабылдауда. Менің бұйрығыммен құрылған штаб төтенше жағдай енгізілген алғашқы күннен бастап барлық ағымдағы мәселелерді жедел шешуде: дезинфекциялық құралдар мен жеке қорғану құралдарының қажетті саны сатып алынды, тиісті бөлімшелер үй-жайлар мен көлікті күнделікті дезинфекциялау жұмысын жүргізуде, барлық санитариялық іс-шаралардың орындалуына бақылау жүргізілуде, қызметтік автобустарда маска режимі енгізілді және т.б. Қызметкерлерге қосымша қолдау көрсету мақсатында қаржы басқармасына қызметкерлердің наурыз айына арналған жалақысын 2020 жылдың 1 сәуірінде төлеу мәселесін пысықтау туралы тапсырма берілді.

Алайда көп нәрсе біздің әрқайсымызға байланысты. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты барлықтарыңыздың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңестерін сақтауларыңызды сұраймын. Ең алдымен гигиена – қолды құрамына спирт кіретін сұйықтықпен үнемі тазалап отырыңыздар немесе сабынмен жуыңыздар. Қашықтықты сақтаңыздар, респираторлық ауру белгілері бар адамдармен қарым-қатынастан аулақ болыңыздар, қоғамдық орындарға қажетсіз бармаңыздар. Курчатов қаласынан тыс шығуды шектеңіздер. Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда міндетті түрде дәрігерге хабарласыңыздар. Осындай қарапайым ережелерді сақтау еліміздегі қазіргі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруға және жақсартуға елеулі ықпал етпек.

Ең бастысы, сабырлық сақтаңыздар, https://www.coronavirus2020.kz сайтында орналасқан тексерілген ақпаратты ғана пайдаланыңыздар.

Бір-біріңізге көмектесіңіздер, өздеріңізді сақтаңыздар, жақындарыңызға қорған болыңыздар.

Бiз біргемiз! Мы вместе!

                                                                  Эрлан Батырбеков, бас директор

няц рк