Радиациялық қауіпсіздік, радиоэкология және радиобиология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына 25 жыл


26 Қазан 2018

 

Ұлттық ядролық орталықта Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты жиналыс өткізілді.

Радиациялық қауіпсіздік және экология институтын құру туралы идея Семей ядролық сынақ полигоны (ССП) жабылғаннан кейін полигонның жаңа құрылымын зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру кезінде туды. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ССП-ны жабу туралы № 409 Жарлығы 1991 жылғы 29 тамызда жарық көрді, ал 1992 жылғы мамырда ҚР Министрлер Кабинетінің «ҚР Ұлттық ядролық орталығын және Атом энергиясы жөніндегі агенттігін құру туралы» № 779 қаулысы шықты.

ҚР Министрлер Кабинетінің 29.10.1993 жылғы № 1082 қаулысымен 52605-ші әскери бөлім негізінде ұйымдастырылған Радиациялық қауіпсіздік және экология институты ҚР ҰЯО құрамына кірді.

Құрылған сәттен бастап Институттың бүкіл тарихы Ұлттық ядролық орталықпен, ал қызметі полигондағы жұмыстармен тығыз байланысты.

Институт ұжымына аса маңызды бірқатар міндеттер жүктелді: ССП мен іргелес аумақтардағы нақты радиоэкологиялық жағдай қандай, оның халыққа зияны қаншалықты? Өйткені полигон қызметі туралы айтылған барлық дерлік құжаттарға олардың құпиялығына және ел шегінен тыс жатуына байланысты қол жеткізу мүмкіндігі болмады. Ядролық сынақтар инфрақұрылымын жою жұмыстарын радиациялық сүйемелдеу, олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау қажет болды.         

Ел үшін осынау күрделі әрі өтпелі тарихи кезеңде осы сияқты сансыз сұрақтардың жауабын тауып, жаңа кәсіпорынның ғылыми және шаруашылық негізін қалап, жұмысқа қабілетті құрылым құру, қаржыландыру көздерін анықтау және басқа да көптеген мәселелерді шешу керек болды.

Жас институтқа айтарлықтай аппаратуралық-әдістемелік қолдау көрсеткен халықаралық ұйымдардың зор үлесін айта кету керек. Солардың ішінде алғашқы болып Халықаралық ғыдыми-техникалық орталық заманауи аппаратуралармен қамтамасыз ету және ғалымдарға гранттар беру түрінде көмек қолын созып, оларға өз ғылыми әлеуеті мен тәжірибесін бейбіт мақсатта пайдалануға мүмкіндік жасады. Институттың Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастығына жеке тоқталған жөн. Институт қызметкерлері МАГАТЭ-нің ұйымдастыруымен әлемнің ең ірі ғылыми-зерттеу орталықтарында машықтандырудан өтіп, оқу курстарына, жұмыс мәжілістеріне қатысады. Бұған қоса ССП аумағын кешенді радиоэкологиялық зерттеу материалдары міндетті түрде МАГАТЭ сарапшыларының сараптауынан өткізіледі. Техникалық кооперация жобаларының шеңберінде бірегей талдау жабдықтары алынды.        

Салтанатты жиналысқа қатысушылардың алдында сөз сөйлеген ҚР ҰЯО РМК бас директоры Э.Ғ. Батырбеков: «Бүгінгі таңда Радиациялық қауіпсіздік және экология институтына жүктелген бірінші кезекті міндеттер шешімін тапты деп сенімді түрде айтуға болады. ССП мен іргелес аумақтардағы ағымдағы радиациялық жағдайға қатысты үлкен көлемді ақпаратқа қол жеткізілді. Ядролық сынақтар жүргізу үшін құрылған инфрақұрылым толықтай жойылып, қауіпсіз күйге келтірілді. Радиоактивті ластанған барлық маңызды учаскелер анықталды, қоршаған ортадағы техногенді радионуклидтердің концентрациялары, сондай-ақ токсиканттар мен микроэлементтердің деңгейлері сапалы әрі жоғары деңгейде анықталды, радиоактивті заттар миграциясының негізгі жолдары мен механизмдері белгілі болды. ССП-ның орасан зор аумағын, ондағы жүргізілген сынақтар санын, осы жерде болған көптеген радиациялық жағдайлар мен оқиғаларды ескерер болсақ, Институттың жоғары білікті ұжымының, сондай-ақ бүкіл Ұлттық ядролық орталықтың айқын ұйымдастырылған жұмысынсыз 25 жыл ішінде мұншама ауқымды ақпаратқа қол жеткізу мүмкін болмас еді. Инфрақұрылымды қалпына келтіріп, еліміздегі, тіпті бұрынғы кеңестік елдердегі ең озық зертханалық талдау базасын құру мүмкін болды»,- деп атап өтті.    

Бүгінгі күні ССП-да жұмыс істеу кезінде жинақталған тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында Институт радиоэкология саласындағы жетекші кәсіпорынға айналды. Қазіргі уақытта Институт тек ССП қызметімен ғана емес, Қазақстанның басқа да стратегиялық және әлеуметтік маңызды объектілерімен байланысты проблемаларды шешуде: бұл – Ертіс химия-металлургия зауыты қызметінің салдарын жою, Тоқырау әскери қару-жарақ қоймасындағы өртті ауыздықтау, сондай-ақ Батыс Қазақстан мен аты шулы Калачи кентіндегі радиациялық жағдайды зерттеу. Әрине, алдағы уақытта да ССП мәселесі Институт қызметінде басымдыққа ие болып қала бермек, дегенмен жалпы Қазақстанның радиациялық проблемаларын шешуге қатысты жауапкершілікті де толықтай сезінеді.     

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

радиоэкология СИП награждение Мероприятия Курчатов юбилей поздравления няц рк торжественное собрание ИРБЭ-25