19 маусым 2026


15–19 маусым аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы негізінде 8–10 сынып оқушылары үшін «Жас физик – 2026» жазғы мектебі ұйымдастырылды. Биыл оған 50 оқушы тартылды. Бес күн бойы мектеп оқушылары заманауи физика негіздерімен танысып, практикалық сабақтарға, зертханалық зерттеулерге және тақырыптық экскурсияларға қатысты.
Жазғы мектептің мазмұнды бағдарламасы Ұлттық ядролық орталықтың жетекші мамандарының дәрістерін тыңдауға және кәсіпорынның бірегей ғылыми-зерттеу объектілерімен танысуға бағытталды. Оқушылар термоядролық синтездің мәнін түсініп, радиацияның табиғаты мен оның қоршаған ортаға әсері туралы білім алды, сондай-ақ Жердің магнит өрісінің ерекшеліктерімен танысты.
Сутегі энергетикасы саласындағы технологиялық құзыреттер орталығына, СИП тарихының экспозициялық залына, ядролық сынақтарды бақылау объектісіне және Қазақстандық КТМ материалтану токамагына жасалған экскурсиялар балалардың айрықша қызығушылығын тудырды. Қатысушылар ғылыми білімнің практика жүзінде қалай қолданылатынын көріп, зертханалық зерттеулер жүргізуге де қатысты.
Бағдарламада радиациялық қауіпсіздік мәселелеріне жеке назар аударылды. Дәрістік-практикалық сабақ барысында оқушылар радиация туралы бастапқы білім алып, жеке қорғану құралдарымен танысып, қорғану тәсілдерін меңгерді.
Жазғы мектептің қорытынды іс-шарасы зияткерлік брейн-ринг болды. Оның барысында қатысушылар өз білімін, зеректігі мен эрудициясын көрсетті.
Жабылу салтанатында барлық қатысушыға Жазғы мектепті аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды, ал брейн-рингтің жеңімпаздары мен жүлдегерлері естелік дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.
«Жас физик» жазғы мектебі оқушыларды ғылым әлемімен таныстыруды жалғастырып, олардың зерттеушілік қабілетін ашуға және ғылыми- жаратылыстану, инженерлік-техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етеді.
16 маусым 2026
12 маусым 2026
11 маусым 2026
05 маусым 2026