Сейсмогеология және белсенді жарылымдармен байланысты қауіп жөніндегі халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар


26 қараша 2025

2025 жылғы 10–20 қараша аралығында ҚР Ұлттық ядролық орталығы Оксфорд университетінің Жер ғылымдары департаментімен бірлесіп, сейсмогеология және белсенді жарылымдармен байланысты қауіп жөнінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік семинар өткізді.

Бұл шара 1889 жылы Алматы облысының Шілік елді мекенінде болған жойқын жер сілкінісінің (М8,3) эпицентрлік аймағындағы жер сілкінісі геологиясы мен белсенді жарылымдарды зерттеуге арналған маңызды алаңға айналды. 

Семинар Ұлыбританияның Сыртқы істер және достастық мәселелері жөніндегі министрлігінің (UK FCDO) Орталық Азиядағы сейсмикалық қауіпті бағалау бағдарламасы аясында, UK COMET ғылыми бастамасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Іс-шара сейсмология саласында іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Грузия, Армения, Италия, АҚШ, Чили, Ұлыбритания және басқа да елдердің жетекші мамандары мен халықаралық сарапшыларының басын қосты.

Семинар бағдарламасы дәрістік және практикалық сессияларды қамтыды. Қатысушылар аэрофототүсірілім жасау үшін пилотсыз ұшу аппараттарымен жұмыс істеуді, GNSS (DGPS) технологияларын қолдана отырып цифрлық рельеф модельдерін құруды, сондай-ақ палеосейсмологиялық транчинг пен күнін анықтау әдістерін меңгерді. Оқу барысында қатысушылар Саты жарылымына, сондай-ақ жер сілкінісінің әсерінен пайда болған тарихи және салыстырмалы түрде жаңа опырмалар орналасқан аймақтарға барды.

Алынған білім мен практикалық дағды мамандарға белсенді жарылымдарды неғұрлым тиімді зерттеуге мүмкіндік береді, бұл аумақтардың сейсмикалық қауіптілігін бағалау сапасына тікелей әсер етпек. 

сейсмология международный семинар