Бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағына ескерткіш стела орнатылды


18 тамыз 2021

 

Бұрынғы Семей сынақ полигонының аумағында Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының ең ауқымды жобалардың бірін жүзеге асыру – «Тәжірибе алаңын» қауіпсіз күйге келтіру жөніндегі ынтымақтастығы құрметіне ескерткіш стела орнатылды. Стеланың ашылу салтанаты 2021 жылғы 18 тамызда ҚР Ұлттық ядролық орталығы мен АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту агенттігі мамандарының қатысуымен өткізілді.

«Тәжірибе алаңы» – бұл ауада және жер үстінде 116 рет ядролық жарылыс жасалған, соның ішінде 1949 жылғы 29 тамызда ядролық құрылғының алғашқы сынағы өткізілген алаң.

2013 жылдан бастап 5 жыл ішінде «Тәжірибе алаңында» ҚР ҰЯО мамандары алдын ала зерттеулер жүргізді: 2 миллионнан астам спектрометриялық өлшеулер орындалды, 5000-нан астам үлгілер іріктеп алынып, талдау жасалды, 1000-нан астам зерттеу ұңғымалары бұрғыланды, құрамында ядролық қызмет қалдықтары (ЯҚҚ) бар 50-ден астам объект анықталды. Соңынан оңалту жұмыстары жүргізіліп, 2020 жылы аяқталды.

Бірқатар объектілерде ядролық қызмет қалдықтарының жоғары концентрациясы бар топырақтың беткі қабатын алып тастау арқылы рекультивация жұмыстары жүргізілді, кейіннен топырақты арнайы әзірленген әдістеме бойынша қайта өңдей отырып, МАГАТЭ кепілдігімен ұзақ уақыт сақтауға орналастырылды.

Персоналдың қауіпсіздігі тұрғысынан рекультивация жүргізу мүмкін болмаған объектілерде арнайы қорғаныс құрылыстары салынды, олар өнеркәсіптік техниканы қолданбай объектіге рұқсатсыз кіруді толығымен болдырмауға, ал егер оны қолданған жағдайда мұндай қызметтің жолын кесу үшін жеткілікті болатындай уақыт бойы объектіні қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қосымша қорғауды жүзеге асыру үшін ҚР ҰЯО мамандары «Тәжірибе алаңындағы» құрамында ЯҚҚ бар барлық объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің көп деңгейлі жүйелерін құру бойынша жұмыстар кешенін жүргізді. Жүйелер ССП-ның басқа объектілерінде, атап айтқанда «Дегелең» объектісінде қауіпсіздік жүйелерін құру мен пайдаланудың алдыңғы тәжірибесін ескере отырып, көп деңгейлі, «терең эшелондалған қорғау» қағидаты бойынша құрылды.

«Тәжірибе алаңында» ҚР ҰЯО жүргізген барлық жұмыстар АҚШ Қорғаныс министрлігінің Қауіп-қатерді азайту агенттігі өкілдерімен және сарапшыларымен бірлесіп өткізілді. Атқарылған жұмыстарға агенттіктің сарапшылары ғана емес, сондай-ақ МАГАТЭ сарапшылары, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының (РФ) мамандары жоғары баға берді.

Осылайша, қазіргі уақытта «Тәжірибе алаңы» аумағында орналасқан құрамында ЯҚҚ бар барлық объектілер қауіпсіз күйге келтіріліп, сенімді қорғалады және қауіп төндірмейді.

Қазақстан жаһандық қауіп-қатерді азайту және таратпау режимін нығайту жөніндегі пәрменді халықаралық ынтымақтастықтың оң үлгісін кезекті рет көрсетті.

СИП международное сотрудничество МАГАТЭ США РГП НЯЦ РК открытие памятной стелы