09 қазан 2026


Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында (ҚР ҰЯО) Аргонн ұлттық зертханасы (ANL, АҚШ), «Үлбі металлургия зауыты» АҚ және ҚР ҰЯО мамандарының техникалық кездесуі өтті.
Кездесу Аргонн ұлттық зертханасымен ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатқан ИГР зерттеу реакторын төмен байытылған уран отынына көшіру жобасын іске асыру шеңберінде өтті. Уран-графит отынын әзірлеудің қазіргі нәтижесіне, оны алу технологиясының аспектілеріне және Үлбі металлургия зауыты негізінде өнеркәсіптік өндірісті ұйымдастыру мүмкіндігін бағалауға басты назар аударылды.
Бағдарламаның едәуір бөлігі уран-графит отынын дайындау технологиясының мәселелеріне арналды. ҚР ҰЯО-ның материалтану зертханаларына барған кезде Үлбі металлургия зауытының мамандары графит материалдарын кіріс бақылау әдістерімен, оларды сіңдіру процестерімен және отын алу технологиясын зертхана жағдайында пысықтауға арналған жабдықтармен танысты. Сондай-ақ алынатын отын материалының сипаттамаларын зерттеу әдістері қарастырылды.
Әзірленіп жатқан технология уранды графит матрицасының кеуекті құрылымына енгізіп, ИГР импульстік реакторының ерекше жұмыс жағдайларына төтеп бере алатын уран-графит отынын алуды көздейді. Негізгі техникалық міндеттердің бірі – графиттің қажетті беріктік және жылу-физикалық сипаттамаларын сақтай отырып, уранның талап етілетін мөлшерін қамтамасыз ету және оның отын блогының көлемі бойынша біркелкі таралуына қол жеткізу. Бастапқы графиттің тазалығына және жоғары температураның әсері кезінде отын материалы сипаттамаларының тұрақтылығына ерекше назар аударылады.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар технологияны әзірлеудің келесі кезеңдерін талқылап, бірлескен жұмыстардың басым бағыттарын, оның ішінде зертханалық пысықтаудан өнеркәсіптік отын өндірісіне көшу мәселелерін айқындады. Көзделген іс-шараларды жүзеге асыру ИГР реакторының бірегей эксперименттік мүмкіндіктерін сақтай отырып, оны төмен байытылған уран отынына көшіру бағдарламасының маңызды кезеңі болмақ.
07 қазан 2026
05 қазан 2026
02 қазан 2026
02 қазан 2026