28 желтоксан 2016
ҚР Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиев пен ҚР ҰЯО РМК бас директоры Эрлан Батырбеков 2016 жылғы қарашадағы Жапонияға жұмыс сапары барысында Фукусима-1 атом электр станциясына барды.
«Бастапқыда бұл жерде 2011 жылы ештеңе болмағандай әсерде болдық, жапондық мамандар жер сілкінісінен кейін атом станциясының аумағын тез арада қалпына келтіріпті» - деді Эрлан Батырбеков.
Естеріңізге сала кетсек, Жапония тарихында 2011 жылы болған қатты жер сілкінісінің нәтижесінде Фукусима-1 АЭС-інде ірі радиациялық апат болды. Электрмен жабдықтаудың сыртқы құралдары мен резервтегі дизель генераторлары істен шығып, бұл қалыпты және апаттық суытудың барлық жүйелерінің жұмысқа жарамсыздығына себеп болды және апаттың бірінші даму күнінде 1-ші, 2-ші және 3-ші энергия блоктарындағы реакторлардың активті аймағының балқуына әкеп соқты.
2013 жылғы желтоқсанда АЭС ресми түрде жабылды. Станция аумағында апат салдарын жою жұмыстары жалғасуда.
Жапондық мамандар үшін АЭС-тегі апат салдарын жоюдағы үлкен көмек ҚР Ұлттық ядролық орталығының бірегей зерттеу базасында қазақстандық мамандармен бірлесіп жүргізілген зерттеулер нәтижелері болды.
Бірлескен жоба Fukushima (Marubeni, Жапония) деп ұқсас аталады. Жұмыстардың мақсаты – Фукусима-1 АЭС реакторларының активті аймағы балқытпасының қатып қалған бөлшектерінің қасиеттерін модельдеу және зерттеу, сондай-ақ қатты бөлшектерді алып шығуға арналған механизмдер конструкциясы бойынша ұсыныстар дайындау болды.
Сәтті өткізілген ірі және шағын көлемді эксперименттерден кейін 2016 жылғы наурызда жоба аяқталды. Алынған деректердің маңыздылығын ескере отырып, жапондық тарап аталған жоба бойынша ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мүмкіндігін қарастырады. Бұл мәселелердің барлығы Фукусима-1 АЭС-іне жасалған сапар барысында талқыланды.
Фукусима-1 АЭС ғимаратында жапондық мамандар дүние жүзінің картасын орналастырғандығы, онда апаттан кейін АЭС-ке келген мамандардың өз елдерін (қалаларын) белгілейтіні есте қаларлық жағдай екен. Қазақстандық делегация үш бірдей қаланы: Астана, Алматы және Курчатовты белгілеп қойды.
11 қазан 2024
02 қазан 2024
27 қыркүйек 2024
27 қыркүйек 2024