31 мамыр 2024
Астанада Қазақстандағы зерттеу реакторларын конверсиялау және жоғары байытылған уран (бұдан әрі – ЖБУ) отынын кәдеге жарату бойынша үйлестіру кездесуі өткізілді.
Кездесу Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің, ҚР Ұлттық ядролық орталығының, АҚШ Энергетика министрлігінің Материалдарды басқару және барынша азайту офисі өкілдерінің қатысуымен өткізілді.
Кездесу барысында қатысушылар жобаны жүзеге асыру аясында қол жеткізілген нәтижелерді талқылады, сондай-ақ болашақ жұмыстардың жоспарларын белгіледі. Кездесу шеңберінде АҚШ Энергетика департаменті мен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өкілдері ҚР ҰЯО-ның жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау режимін қолдау мәселесіндегі, атап айтқанда, зерттеу реакторларында жоғары байытылған отынды пайдалануды барынша азайту ісіндегі жетістіктерін жоғары бағалады.
Жобаның маңызды кезеңдерінің ойдағыдай іске асырылуы, мәселен, 2023 жылғы мамырда ТБУ отынындағы ИВГ.1М реакторының пайдалануға берілуі, ИВГ.1М реакторының пайдаланылған отынын қайта қаптау және арнайы дайындалған қоймаға орналастыру рәсімдерінің аяқталуы, ИВГ.1М реакторының пайдаланылған ЖБУ отынын байытуды азайту және оны кәдеге жарату әдістерін іздеу мақсатындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесіне МАГАТЭ тарапынан оң баға берілуі жеке атап көрсетілді. Кездесуге қатысушылар тарапынан АҚШ Энергетика департаментінің қолдау көрсетуімен ҚР ҰЯО әзірлеген сұйылтылған графит отынын цемент матрицасына иммобилизациялау технологиясына үлкен назар аударылды, мұндай халықаралық тәжірибенің жоқ екендігіне, ҚР ҰЯО мамандарының осындай дара технологиялық процесті әзірлеудегі жетістігі атап көрсетілді.
ИГР реакторының ЖБУ отынын сұйылту барысында қолданылатын араластыру және ұсақтау жабдығының сынақтан сәтті өткізілуін талқылап болған соң тараптар жұмыстарды орындаудың қазіргі қарқыны сақталатын болса, келесі ірі кезең - ИГР реакторының сәулеленген ЖБУ отынын сұйылтуды 2025 жылдың соңында бастауға болады деп келісті.
02 қазан 2024
27 қыркүйек 2024
27 қыркүйек 2024
26 қыркүйек 2024