Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2023 жылғы мемлекеттік сыйлығына ие болды.


24 қазан 2023

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының
(ҚР ҰЯО РМК) бас директоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Эрлан Ғаділетұлы Батырбеков бастаған бір топ ғалым «Қазақстан Республикасында атом-энергетика саласын құруға және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын іске асыруға арналған әлемдік деңгейдегі зерттеулер мен әзірлемелер» атты жұмысы үшін Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2023 жылғы мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Авторлық ұжымның құрамында ғылыми жұмыста орасан зор тәжірибесі бар ҚР ҰЯО РМК-ның келесі жетекші ғалымдары кіреді:

Бакланов Виктор Владимирович, ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалы директорының бірінші орынбасары;

Витюк Владимир Анатольевич, ҚР ҰЯО РМК бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары;

Зарва Денис Борисович, ҚР ҰЯО РМК бас инженерінің орынбасары;

Қоянбаев Ерболат Тайтөлеуұлы, ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалы директорының материалтану зерттеулері жөніндегі орынбасары;

Сқақов Мәжін Қанапияұлы, ҚР ҰЯО РМК бас ғылыми қызметкері;

Тәжібаева Ирина Лашкаровна, ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының бас ғылыми қызметкері;

Шектібаев Бауыржан Жамбылұлы, ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының термоядролық зерттеулер бөлімінің бастығы.

Жұмыста атом энергетикасын дамытуға және оның қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ басқарылатын термоядролық синтез технологияларын дамытуға бағытталған, қазақстандық ғылымның осы жоғары технологиялық салалардағы озық позицияларын қамтамасыз еткен және елімізде ядролық-энергетика саласын құруға негіз қалыптастырған зерттеулер мен әзірлемелердің нәтижелері ұсынылған.

Реакторлық және реактордан тыс қондырғыларда эксперименттік бағдарламалар іске асырылып, бұл актив аймақтың балқуымен болатын энергетикалық ядролық реактордағы ауыр аварияның дамуымен ілесе жүретін процестердің параметрлері туралы бірегей мәліметтер алуға мүмкіндік берді. Эксперименттік база жаңғыртылып, зерттеулерді жоғары сапалы деңгейде орындауға мүмкіндік беретін жаңа әдістемелік тәсілдер әзірленді.

ИВГ.1М ядролық зерттеу реакторы жаңғыртылып, жоғары байытылған уран отынынан төмен байытылған отынға ауыстырылды, реактордың пайдалану сипаттамалары айтарлықтай жақсартылды. Бірқатар сипаттамасы бойынша сәулеленген ядролық материалдармен жұмыс істейтін атом саласындағы шетелдік ғылыми ұйымдарының мүмкіндіктерінен асып түсетін бірегей материалтану кешені құрылды. Реактор жасаудың конструкциялық материалдарына зерттеулер жүргізіліп, материалдардың бетін қатайтудың жаңа технологиялары жасалды.

Әлемде баламасы жоқ қазақстандық КТМ термоядролық материалтану токамагы кешені мен имитациялық сынақ стенді құрылып, пайдалануға берілді, Токамактың плазмалық разрядының сипаттамалары бойынша бірегей деректер алынды. Қондырғылардың жұмысына, плазма физикасы және термоядролық материалтану бойынша зерттеулер жүргізуге жан-жақты әдістемелік қолдау көрсетілді, соның арқасында Қазақстанда жаңа сынақ базасы, бірегей зерттеу тәжірибесі және басқарылатын термоядролық синтез бойынша жаңа ғылыми деректер пайда болды.

Қазақстандық ғалымдардың еңбегінің арқасында арнайы ғылыми білім мен жаңа біліктілікке қол жеткізілді. Жұмыс нәтижелері халықаралық және республикалық деңгейде кеңінен танылды.

 

 

Токамак награждение ИАЭ Эрлан Батырбеков РГП НЯЦ РК атомная энергетика термоядерные реакторы плазма результаты исследований Президент РК Государственная премия Республики Казахстан