Ядролық энергетиканың инновациялық жобалары мен технологиялары


16 қазан 2018

 

2018 жылғы 2 – 5 қазан аралығында Мәскеу қаласындағы Н.А. Доллежаль атындағы Ғылыми-зерттеу және конструкторлық энерготехника институтында (ЭТҒЗКИ АҚ) «Росатом» мемлекеттік корпорациясының, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің, Ресей ғылым академиясының және Ресейдің ядролық қоғамының қолдау көрсетуімен «Ядролық энергетиканың инновациялық жобалары мен технологиялары» атты V Халықаралық ғылыми-техникалық конференциясы (ХҒТК ЭТҒЗКИ – 2018) болып өтті.  

Конференция тақырыбы алты секцияға бөлінді: әртүрлі мақсаттағы ядролық қондырғылардың инновациялық жобалары; ядролық отын және жаңа материалдар; тұйық отын циклінің технологиялары, пайдаланылған ядролық отынмен (ПЯО) және радиоактивті қалдықтармен (РАҚ) жұмыс істеу, ядролық қару-жарақ материалдарын таратпау проблемаларын технологиялық шешу; шағын энергетика (стационарлық, тасымалдауға болатын, жүзбе, көліктік, ғарыштық қондырғылар); ядролық энергетикалық қондырғылар (ЯЭҚ) мен отын циклінің қауіпсіздігін талдауға арналған заманауи интегралдық есептеу кодтары; басқарылатын термоядролық синтез.     

Конференция жұмысына Армения, Белорусь Республикасы, Қазақстан, Өзбекстан, Бельгия, Бразилия, Германия, Иордания, Италия, Канада, Қытай, Нидерланд, Франция, Чехия Республикасы, Оңтүстік Корея және Жапония сияқты әлемнің 17 елінен келген атом энергетикасы саласының мамандары қатысты. Шетелдік қатысушылардың арасында МАГАТЭ қызметкерлері де болды.  

Ұлттық ядролық орталықтың атынан конференцияға Атом энергиясы институтының мамандары Тәжібаева И.Л., Понкратов Ю.В, Гордиенко Ю.Н., Иркимбеков Р.А., Сураев А.С. қатысып, пленарлық сессияда және секциялық отырыстарда бірнеше баяндама ұсынды.  

Анықтама үшін. 2017 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған ҚР Ұлттық ядролық орталығының 25 жылдығына арналған халықаралық семинар барысында ҚР ҰЯО РМК мен ЭТҒЗКИ АҚ арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Келісімге сәйкес тараптар қуатты арттыра отырып жылдам жүретін процесстер кезінде СНУП отынындағы твэлдердің әрекеті туралы эксперименттік ақпарат алу, БРЕСТ-ОД-300 РҚ твэлінің СНУП отынының ортарадиалдық энтальпиясын анықтау, реактивтілікті жылдам арттыру кезіндегі твэлдердің әрекетін сипаттайтын есептеу кодтарын верификациялауға арналған деректер алу бағыттарында ынтымақтастықты жүзеге асыру туралы уағдаласты.     

Келісім шеңберінде жұмыстар мен сынақтардың техникалық тапсырмалары мен бағдарламаларын әзірлеу; сәулелендіргіш құрылғылардың конструкциялары мен твэлдердің макеттерін әзірлеу; эксперименттердің қауіпсіздігін негіздеу; сәулелендіргіш құрылғылардың конструкциялары мен твэлдердің макеттерін жасау; ИГР реакторында жаңа отындағы БРЕСТ-ОД-300 реакторы твэлдерінің макеттерімен қуатты жылдам арттыру режимдерінде реакторлық эксперименттер жүргізу; БРЕСТ-ОД-300 реакторы отынының шектік ортарадиалдық энтальпиясын анықтау үшін реакторлық эксперименттер жүргізу; Қазақстан Республикасында реактордан кейінгі бұзбайтын зерттеулер жүргізу; ИГР реакторында жобалық жанып біту шамаларына жеткен сәулеленген отындағы БРЕСТ-ОД-300 реакторы твэлдерінің макеттерімен реакторлық эксперименттер жүргізу көзделген.      

Келісім бағыттарының бірі – конференцияларға қатысу, жарияланым қызметі және кадрлар даярлау болып табылады.   

        

Конференции международное сотрудничество ИГР БРЕСТ-ОД-300 няц рк НИКИЭТ