12 қыркүйек 2018
Курчатов ғалымдары полигон жерлерін оңалту және оларды еліміздің шаруашылық айналымына енгізу міндетін қойып отыр.
Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының 60%-ы немесе 10 мың шаршы км аумағы тексерілді. Осы көп жылғы орасан зор жұмыстың нәтижелері полигон аумағының 2 мың шаршы км ғана шаруашылық айналымынан біржола алып тастау керектігін көрсетеді. Алайда, қалған аумақ ауыл шаруашылығында немесе жер қойнауын пайдалануда қолданылуы мүмкін. Курчатов ғалымдары бүгін полигон жерлерін оңалту және оларды еліміздің шаруашылық айналымына енгізу міндетін қойып отыр. Осы және тағы басқалар туралы «Семей сынақ полигоны: радиациялық мұра және ғылыми-техникалық әлеуеттің даму келешегі» атты VIII халықаралық конференциясының ашылуында айтылды.
ҚР ҰЯО бас директоры Эрлан Батырбековтің айтуынша, конференция Қытай, Жапония, Франция, Германия, Ресей, Белоруссия, Венгрия және әлемнің басқа да елдерінен атом энергетикасы мен радиациялық қауіпсіздікті зерделеу саласындағы ғалымдар мен жетекші мамандарды жинады. Олар радиациялық медицина және экология саласындағы ғылыми ізденістерінің, ядролық қондырғылар пайдаланылатын қазіргі заманғы жобаларының нәтижелерін ұсынды.
- Семей ядролық полигонының аумағын зерттеу жөніндегі халықаралық конференция әлемдік ғылыми қоғамдастық үшін игі дәстүрге айналды. Биылғы жылы конференция екі маңызды мерейтойға орайлас кеп отыр: таратпау және ядролық қауіпсіздік мәселелерімен, сондай-ақ атом энергетикасының, ядролық және термоядролық техниканың конструкциялық материалдарының қауіпсіздігі проблемалары жөніндегі эксперименттік зерттеулермен айналысатын Атом энергиясы институтының ұжымы 60 жылдығын атап өтеді. Сондай-ақ, бұрынғы Семей полигоны аумағындағы қазіргі заманғы радиоэкологиялық жағдайды тексеру міндетін орындап жүрген Радиациялық қауіпсіздік және экология институты да өзінің 25 жылдық мерейтойын атап өтуде,- деп атап өтті Эрлан Батырбеков.
Өздерінің мерейтойлық күніне ғылыми-зерттеу институттарының ұжымдары жақсы нәтижелермен келді. Атом энергиясы институтының ғалымдары шапшаң нейтрондардағы БН-350 реакторын пайдаланудан шығару, қазақстандық КТМ термоядролық материалтану реакторын құру және радиоактивті қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі жұмыстарға белсене қатысады.
Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының оқу-ақпараттық орталығының басшысы Юрий Стрильчуктың айтуынша, Семей полигоны аумағының 10 мың шаршы км-ге кешенді радиоэкологиялық зерттеулер жүргізілген. Бұл полигонның жалпы ауданының 60%-ын құрайды. Зерттеулерді 2021 жылы аяқтау жоспарланған.
«Біздің кешенді зерттеулеріміздің нәтижелері бойынша шаруашылық қызметтің әртүрлі түрлерін жүргізуге жарамды жер учаскелері анықталатын болады. Қазірдің өзінде сынақ алаңдарының шамамен 2 мың шаршы км аумағы шаруашылық қажеттіліктерге берілмейтіні белгілі. Себебі бұл ядролық қару сынақтары жүргізілген жер және радиациялық аясы өте жоғары жерлер. Сондай-ақ, ядролық қару сынақтарынан кейін радиоактивті жауын-шашынның түсу іздері байқалатын жерлердің тағдырын шешу қажет. Оларда радионуклидтердің жоғары мөлшері байқалады, алайда олардың топырақтағы мөлшері Қазақстанда қабылданған нормалардан аспайды. Жалпы, полигонның көп бөлігі ауыл шаруашылығы мен пайдалы қазбаларды өндіру үшін пайдаланылуы мүмкін», – деп Юрий Стрильчук журналистермен Радиациялық қауіпсіздік және экология институты ұжымының жұмыс нәтижелерімен бөлісті.
Сонымен қатар радиациялық қауіпсіздік, таратпау және атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерін қамтамасыз ету саласында эксперименттер үшін пайдаланылатын ядролық зерттеу қондырғылары бойынша секция жұмыс істеді.
Авторы: Екатерина Гуляева,
фото автордікі
«Рудный Алтай» газеті, 12.09.2018ж.
02 қазан 2024
27 қыркүйек 2024
27 қыркүйек 2024
26 қыркүйек 2024