Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!


04 мамыр 2022

 

Биыл 15 мамырда ҚР Ұлттық ядролық орталығы өзінің 30 жылдығын атап өтеді. Бүгінде кәсіпорын даму жолымен сәтті жүре отырып, бірнеше ғылыми институтты біріктіре отырып, халықаралық ғылыми зерттеу нарығында өзінің өміршеңдігі мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп келеді. Бірлескен күш-жігердің арқасында ондаған бірегей жоба іске асырылды, эксперименттік база кеңейтіліп, жаңартылды, ғылыми және инженерлік-техникалық мамандардың жаңа буыны даярланды. Кәсіпорын шын мәнінде тамаша нәтиже көрсетті.

Ең алдымен, бүгінгі таңда, араға 30 жыл салғанда, Ұлттық ядролық орталық Үкіметтің кәсіпорынды құру сатысында алға қойған барлық тапсырмаларын ойдағыдай орындады деп мақтанышпен айта аламын.

Біріншіден, ядролық сынақтар жүргізу инфрақұрылымы оны мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік бермейтін күйге келтірілді. Дегелең тау сілемі алаңында 181 штольня порталы жойылды. Балапан алаңында 13 пайдаланылмаған ұңғыма мен 12 шахталық ұшыру қондырғысы жойылды. Сол кезде ядролық сынақтардың салдарын жою мәселесі де өткір болды. 7 жыл ішінде 3 алаңда бірқатар ірі жобалар іске асырылды, нәтижесінде ластанған аумақты ішінара оңалту жүргізіліп, ядролық қызмет қалдықтарына қол жеткізуге шектепу қойылды. 2020 жылы біз ең ауқымды жобалардың бірі – «Тәжірибе алаңын» қауіпсіз күйге келтіру жобасын жүзеге асырдық. Біз бақылау мен қауіпсіздіктің сенімді жүйесін құрдық. ССП-ның барлық объектілерінде сенімді қорғауды қамтамасыз ететін физикалық қорғаудың қазіргі заманғы үш деңгейлі жүйесі құрылды.

Екіншіден, Үкімет жүктеген міндеттеріне сәйкес ССП-ның бұрынғы әскери-өнеркәсіптік кешенін конверсиялау жұмыстарын ойдағыдай жүргіздік. ССП жабылғаннан кейін 30 жыл ішінде біз КСРО әскери-өнеркәсіптік кешенінен қалған бірегей ғылыми-техникалық және өндірістік базаны сақтап және жаңғыртып қана қоймай, барынша кеңейтіп, қазіргі уақытта тек бейбіт мақсатта ғана пайдаланып отырмыз. Атап айтқанда, біз басқарылатын термоядролық синтез саласында қолданбалы және іргелі зерттеулер жүргізу үшін қазақстандық КТМ материалтану токамагын салдық. Осы жұмыстардың барлығы, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелері Қазақстанды әлемге танымал етті. Мысалы, атом энергетикасы саласындағы Жапония, АҚШ, Ресей, Франция және т.б. сияқты әлемнің жетекші ұйымдарымен бірлесіп, атом энергетикасының қауіпсіздігі саласындағы жобалар жүзеге асырылуда.

Үшіншіден, біз полигонның бүкіл аумағын ең ауқымды кешенді экологиялық тексеруден өткізіп, оны полигонның жабылуының 30 жылдығы қарсаңында, яғни 2021 жылы аяқтадық. Бұл ең алдымен қазіргі уақытта ҚР Ұлттық ядролық орталығында кешенді экологиялық зерттеулер жүргізуге арналған ең заманауи жабдықтар мен әдістемелерді шоғырландырудың арқасында мүмкін болды. Қоршаған орта объектілерінің радионуклидтік құрамына сапалы және сандық талдау жүргізуге мүмкіндік беретін, ТМД аумағындағы ең үздік деуге болатын зертханалық-талдамалық кешен құрылды.

Төртіншіден, біз қазақстандық сейсмикалық және инфрадыбыстық мониторинг жүйесінің инфрақұрылымын құрып, оның үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еттік. Қазақстандық халықаралық мониторинг жүйесі станцияларының жұмыс істеу тиімділігі ЯСЖТШҰ – Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының жоғары бағасына ие болды. Қазақстанның ЯСЖТШҰ-ға қолдау көрсетудегі қызметін халықаралық қоғамдастықтың жоғары бағалауының арқасында Қазақстан дамушы елдердің алғашқысы болып ЯСЖТШҰ Дайындық комиссиясының Б жұмыс тобына төрағалық етеді.

Бесіншіден, біз кадрлық әлеуетті дамытуды қамтамасыз етіп, атом саласының жоғары білікті мамандарын даярлауға барлық жағдайды жасадық. Кәсіпорын негізінде жақын және алыс шетел ұйымдарымен бірлесіп білім беру бағдарламалары іске асырылады, кәсіпорынның ғылыми қызметкерлерінің жетекшілік етуімен және қатысуымен PhD диссертацияларын қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер жұмыс істейді, ҚР ҰЯО-ның жетекші ғалымдары бейінді мамандықтар бойынша емтихан қабылдау және дипломдық жобаларды қорғау жөніндегі мемлекеттік аттестаттау комиссияларының жұмысына қатысады, жас қызметкерлерге бас директордың арнайы белгіленген атаулы стипендиясы төленеді. Кадрларды дамыту жүйесінің маңызды элементі – жас ғалымдар мен мамандардың ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының (ҒЗТКЖ) жыл сайынғы конференция-конкурсын өткізу, оған 1000-ға жуық жас ғалымдар мен мамандар қатысты.

Біздің бүгінгі жетістіктеріміз – біздің болашағымыздың негізі. Осы жылдар ішінде біз көп және жемісті еңбек еттік, қажетті негіз құрдық, тәжірибе жинақтадық, бейбіт атом саласындағы халықаралық қызметте өз орнымызды таптық. Бүгінгі таңда бізге серіктестер тарапынан білдірілген, ойдағыдай жүзеге асырылған жобаларымызбен бекітілген сенім – болашағымыздың кепілі.

Көп жағдайда бұған Ұлттық ядролық орталықтың кәсіби мамандарының арқасында қол жеткізілді. Баршаңызға қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын!

Жетістіктеріміз құтты болсын, ең бастысы – зор денсаулық, телегей табыс және Ұлттық ядролық орталығымыз гүлдене берсін деп тілеймін!

 

 

Эрлан Батырбеков, бас директор

 

 

 

 

 

 

радиоэкология СИП международное сотрудничество Ядерная безопасность поздравление юбилей ИРБЭ ИАЭ Байкал Эрлан Батырбеков РГП НЯЦ РК атомная энергетика ИГИ история ядерное наследие