ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДЫ ТАРАТПАУ ЖӘНЕ ЯСЖТШ МӘСЕЛЕЛЕРІ
1991 жылы Семей сынақ полигоны жабылғаннан кейінгі міндет тек сынақтарды тоқтатумен шектелген жоқ. Полигон аумағында ядролық сынақтар жүргізуге арналған инфрақұрылым, ал жекелеген объектілерде ядролық қызмет қалдықтары (ЯҚҚ), арнайы технологиялық жабдықтар және сынақ жүргізу технологияларына қатысты құпиялылығы жоғары ақпарат сақталып қалды.
Сондықтан Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының (ҚР ҰЯО) қаруды таратпау саласындағы жұмысы мынадай ретпен дамыды:
сынақ инфрақұрылымын қайта пайдалану мүмкіндігін жою → ЯҚҚ мен құпиялылығы жоғары ақпаратқа қол жеткізуді болдырмау → қосымша физикалық тосқауылдар жасау → физикалық қорғау мен бақылауды ұйымдастыру → бұрын анықталмаған ЯҚҚ бар учаскелерді анықтап, қауіпсіз күйге келтіру.
Нәтижесінде Дегелеңдегі 181 штольня, Балапандағы пайдаланылмаған 13 ұңғыма және 12 шахталық ұшыру қондырғысы ядролық қаруды сынау үшін пайдалануға мүмкіндік бермейтін күйге келтірілді.
Жобалар мен қызмет бағыттары
Дегелең алаңы объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Мақсаты және қысқаша сипаттамасы. Дегелең тау массивіндегі штольняларды ядролық сынақтар үшін қайта пайдалану мүмкіндігін болдырмау, ядролық қызмет қалдықтарына, арнайы технологиялық жабдыққа және құпиялылығы жоғары ақпаратқа рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу, сондай-ақ объектілерді физикалық қорғаудың ұзақ мерзімді жүйесін құру.
Қол жеткізілген нәтижелер
1996–2000 жылдары жерасты ядролық сынақтарын өткізу үшін пайдаланылған 181 штольня толық жабылды.
Қазақстан, Ресей және АҚШ арасындағы үшжақты ынтымақтастық аясында 42 объектіде қосымша физикалық тосқауылдар орнатылды.
2000–2012 жылдары қосымша тосқауылдар салу барысында шамамен 90 мың м³ бетон, арнайы ерітінділер және тау жыныстары пайдаланылды.
2008–2011 жылдары 73 объектіде штольняларға рұқсатсыз кіруге арналған жасырын өту жолдары жойылды.
«Колба» контейнерлерімен және арнайы технологиялық жабдықпен жұмыстар жүргізілді; екі объектіден жабдықтар алынып, Ресей Федерациясына шығарылды.
Ядролық қызмет қалдықтары бар объектілерге рұқсатсыз оңай қол жеткізуді болдырмайтын көпдеңгейлі физикалық қорғау жүйесі құрылды.
Үшжақты ынтымақтастық нәтижелері халықаралық деңгейде танылды: 2012 жылғы 27 наурызда Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік саммитінде Қазақстан, Ресей және АҚШ басшылары бұрынғы Семей сынақ полигонындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме қабылдады.
Балапан алаңының сынақ инфрақұрылымын жою
Мақсаты және қысқаша сипаттамасы. Тік сынақ ұңғымалары мен шахталық ұшыру қондырғыларын бастапқы мақсаты бойынша одан әрі пайдалану мүмкіндігін болдырмау, сондай-ақ аумаққа кейіннен радиоэкологиялық бақылау жүргізуді қамтамасыз ету.
Қол жеткізілген нәтижелер
Пайдаланылмаған 13 сынақ ұңғымасы жойылды.
12 шахталық ұшыру қондырғысы пайдаланудан шығарылды.
Объектілер ядролық қаруды сынау үшін одан әрі пайдалануды болдырмайтын күйге келтірілді.
Инженерлік іс-шаралар аяқталғаннан кейін аумаққа радиоэкологиялық сараптама және мониторинг жүргізілді.
Жерасты ядролық сынақтарын жүргізуге дайын инфрақұрылымның сақталуына байланысты қарудың таралуының тікелей қаупі жойылды.
«Тәжірибе алаңы» және «Ақтан-Берлі» алаңдарын қауіпсіз күйге келтіру
Мақсаты және қысқаша сипаттамасы. Ядролық қызмет қалдықтары бар учаскелерді анықтау және оқшаулау, олардың ықтимал қауіптілігін бағалау, сондай-ақ материалдарды алып қоюды немесе оларды сенімді түрде физикалық оқшаулауды көздейтін жеке техникалық шешімдер әзірлеу арқылы ядролық қызмет қалдықтарының (ЯҚҚ) таралу тәуекелдерін азайту.
Қол жеткізілген нәтижелер
Алаңды егжей-тегжейлі зерттеу нәтижесінде жаппай қырып-жою қаруын (ЖҚҚ) таратпау өлшемшарты бойынша қауіп төндіретін мөлшерде ЯҚҚ бар бірқатар учаске анықталды. ЯҚҚ-ның бір бөлігі алынып, ұзақ мерзімді қауіпсіз сақтауға орналастырылды.
ЯҚҚ-ны алып қою персонал мен қоршаған орта үшін жоғары радиациялық қауіпке байланысты орынсыз деп танылған объектілерде рұқсатсыз қол жеткізуді толық болдырмайтын қорғаныш инженерлік тосқауылдар салынып, сенімді қауіпсіздік жүйесі құрылды. 2021 жылы аталған сынақ алаңдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары толық аяқталды.
«Балапан» және «Сарыөзен» сынақ алаңдарын зерттеу жұмыстары
Зерттеу жұмыстары қазіргі уақытта жалғасуда және осы кезге дейін екі объект қауіпсіз күйге келтірілді. Негізгі назар ЖҚҚ болуы ықтимал объектілерді анықтау мен зерттеуге, кейін оларды сипаттауға және қаруды таратпау тұрғысынан тәуекелдерін бағалауға аударылады. Сонымен қатар «Балапан» алаңындағы пайдаланылмаған екі ұңғыманы жою жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, бұрынғы Семей сынақ полигоны объектілерінің ұзақ мерзімді қауіпсіздігін сақтауға бағытталған қашықтан бақылау, радиобайланыс және техникалық қамтамасыз ету жүйелерін қоса алғанда, қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту және жетілдіру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ ҚР ҰЯО РМК зерттеу реакторлары кешендері мен қондырғыларының ядролық және физикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұрынғы Семей сынақ полигонының стратегиялық объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған Авариялық-техникалық орталықтың құрылысы да жүзеге асырылуда.
ҚР ҰЯО РМК-да ИВГ.1М және ИГР зерттеу ядролық реакторларын конверсиялау және жоғары байытылған уранды кәдеге жарату
Мақсаты және қысқаша сипаттамасы.
Жоба ИВГ.1М және ИГР зерттеу реакторларын төмен байытылған уран отынына көшіруге, жоғары байытылған уран қорларын азайтуға және пайдаланылған ядролық отынмен қауіпсіз жұмыс істеу инфрақұрылымын құруға бағытталған. Жұмыстарды ҚР ҰЯО халықаралық серіктестермен бірлесіп атқарады және олар Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудың жаһандық режимін нығайтуға қосқан үлесі болып табылады.
Қол жеткізілген нәтижелер
ИВГ.1М реакторын төмен байытылған уран отынына конверсиялау сәтті аяқталды:
1. Жаңа отынға реакторлық және реактордан кейінгі сынақтар жүргізіліп, оның жұмысқа жарамдылығы мен белгіленген талаптарға сәйкестігі расталды.
2. Жаңа белсенді аймағы бар ИВГ.1М реакторының физикалық және энергетикалық іске қосылуы орындалды. Реактор ғылыми-техникалық бағдарламаларды іске асыру және эксперименттік зерттеулер жүргізу үшін пайдаланылады.
3. Жаңа отынды қолдану реактордың пайдалану сипаттамаларын сақтауға және шешілетін ғылыми-техникалық міндеттер аясын кеңейтуге мүмкіндік беретіні расталды.
Есептеулер арқылы ИГР реакторы отынының байытылу деңгейін оның негізгі сипаттамаларын нашарлатпай 90%-дан 20%-ға дейін төмендету мүмкіндігі негізделді.
ИГР реакторы үшін төмен байытылған отынды дайындаудың отандық технологиясы әзірленуде. Оң аралық нәтижелер алынды.
ИВГ.1М реакторының жоғары байытылған отыны түсіріліп, бөлшектеліп, қайта қапталды және ұзақ мерзімді қауіпсіз сақтауға арналған арнайы құрылған қоймаға орналастырылды.
ИГР реакторының жаңа жоғары байытылған ураны төмен байытылған уранға айналдырылып, ҚР ҰЯО-ға қайтарылды.
ҚР ҰЯО мамандары ИГР реакторының сәулеленген жоғары байытылған отынын сұйылту және иммобилизациялау технологиясын әзірледі. Бұл технология халықаралық сарапшылардың оң бағасын алды.
Технологияға толық ауқымды сынақтар жүргізілді, қажетті жобалық құжаттама дайындалды және отынды сұйылту мен иммобилизациялауға арналған мамандандырылған учаскені құру басталды.
«Байкал-1» зерттеу реакторлары кешенінің автономды электрмен жабдықтау, радиациялық және дозиметриялық бақылау, сумен жабдықтау жүйелері, сондай-ақ ИВГ.1М реакторының көліктік-технологиялық жүйесі жаңғыртылды. Конверсия жобасын іске асыру аясында зерттеу реакторлары кешендерінің жекелеген үй-жайлары, ғимараттары мен құрылыстары жөнделіп, реконструкцияланды.
Бұрынғы Семей сынақ полигонының ұзақ мерзімді қауіпсіздігін қамтамасыз ету
Мақсаты және қысқаша сипаттамасы. Негізгі инженерлік жұмыстар аяқталғаннан кейін қол жеткізілген қауіпсіздік деңгейін сақтау, қорғалатын объектілерге рұқсатсыз қол жеткізуді болдырмау және аумақтың радиоэкологиялық жай-күйін бақылау.
Қол жеткізілген нәтижелер
Қорғалатын объектілердің және құрылған қауіпсіздік жүйелерінің жай-күйіне тұрақты бақылау ұйымдастырылды.
Физикалық қорғау, бақылау және қол жеткізуді шектеу жүйелеріне техникалық сүйемелдеу көрсетіледі.
Жаңадан анықталған объектілерді қауіпсіз күйге келтіру бойынша далалық зерттеулер мен инженерлік-техникалық іс-шаралар жалғасуда.
Топырақтың, ауаның, өсімдіктердің, жерүсті және жерасты суларының радиоэкологиялық мониторингі, сондай-ақ радионуклидтердің көшуін зерттеу жүргізіледі.
2023 жылдан бастап мониторингтік зерттеулер құрылып жатқан Семей ядролық қауіпсіздік аймағының периметрі бойынша да жүргізілуде.
Сейсмикалық және инфрадыбыстық бақылаулар желісі
Мақсаты және қысқаша сипаттамасы. Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) сақталуын бақылау үшін әлемнің 90 елінің аумағындағы 300-ден астам бақылау станциясынан тұратын халықаралық мониторинг жүйесі құрылды. Қазақстанда соңғы отыз жыл ішінде ҚР ҰЯО базасында ядролық жарылыстар мен жер сілкіністерін бақылайтын қазақстандық желі объектілері салынып, пайдалануға берілді. Олар сейсмикалық және инфрадыбыстық станциялардың үздіксіз жұмысын, деректерді нақты уақыт режимінде жинау және өңдеу орталықтарына беруді қамтамасыз етеді. Бұл жүйеге бес сейсмикалық топ, сегіз үшкомпонентті сейсмикалық станция және үш инфрадыбыстық топ кіреді. Деректерді нақты уақытқа жуық режимде өңдеуді Халықаралық мониторинг жүйесінің Қазақстан ұлттық деректер орталығының функцияларын атқаратын Алматы қаласындағы Деректер орталығы жүзеге асырады.
ҚР ҰЯО станциялары желісіне Қазақстан аумағында орналасқан Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы шарт ұйымының мониторинг жүйесі объектілері кіреді: Мақаншы сейсмикалық тобы; Бурабай және Курчатов сейсмикалық топтары; Ақтөбе үшкомпонентті сейсмикалық станциясы; Ақтөбе инфрадыбыстық станциясы.
Мониторинг желісіне сонымен қатар халықаралық AFTAC желісінің екі сейсмикалық тобы — Қаратау мен Ақбұлақ, сондай-ақ IRIS желісінің үш үшкомпонентті станциясы кіреді.
Халықаралық деректер орталықтарымен, оның ішінде IDC (ЯСЖТШ ұйымының Халықаралық деректер орталығы), ISC (Халықаралық сейсмологиялық орталық) және EMSC (Еуропалық-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы) орталықтарымен тұрақты деректер алмасу жүзеге асырылады.
Қол жеткізілген нәтижелер. ҚР ҰЯО бақылау желісі жұмыс істеген уақыт ішінде Пәкістан мен Үндістандағы ядролық сынақтарды, сондай-ақ Солтүстік Кореядағы алты ядролық сынақты тіркеді. Жыл сайын жүйе Қазақстан мен іргелес аумақтарда шамамен 12 000 жер сілкінісін және 6 000 өнеркәсіптік жарылысты тіркейді. Деректер орталығы сейсмикалық бюллетеньдер мен сейсмикалық оқиғалар каталогтарын жасайды. Олар объектілерді, соның ішінде атом саласындағы объектілерді салу және пайдалану кезінде сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты әртүрлі ғылыми-техникалық жобаларда пайдаланылады.