«Колба» контейнерлерін қорғауды күшейту


13 мамыр 2022

Ұлттық ядролық орталықтың 30 жылдығына – 30 жоба!

№ 10 жоба. 2000–2007 жж. «Колба» контейнерлерін қорғауды күшейту

Бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағында орналасқан объектілерден бөлінгіш материалдардың таралмауын қамтамасыз ету бұған дейін консервацияланған объектілердің қауіпсіздігін арттыру жұмыстарын жүргізуді талап етті.   

Осы жұмыстар шеңберінде екі жоба: 2004 жылы РБШ алаңында «Сіріңке қорапшасы» және 2005-2006 жылдары «Дегелең» алаңында «Көшпенді» жобасы іске асырылды.

Жобалардың міндеті – ССП қызметінен қалған пайдаланылған 5 контейнердің қауіпсіздігін арттыру (құрамында ядролық қызмет қалдықтары (ЯҚҚ) бар «Колба» контейнерлері). 2 контейнер – «Сіріңке қорапшасы» жобасы, 3 контейнер – «Көшпенді» жобасы аясында қауіпсіздікпен қамтамасыз етілді.

Жұмыс тапсырмасы мен Жұмыс жоспарында контейнерлерді шығарумен және тасымалдаумен байланысты емес, пайдаланылған контейнерлердегі ЯҚҚ-ларды қорғаудың көп деңгейлі жүйесін құру көзделді. «РФЯО-БЭФҒЗИ» ФМУК, БЭФҒЗИ ТАНИК ЖАҚ, ҚР ҰЯО және DTRA мамандары әзірлеген техникалық шешімдер қолда бар құрылыстар мен контейнерлердің қорғаныс қасиеттерін пайдалануға негізделді.

Ядролық сынақтардан кейін қалған пайдаланылған «Колба» контейнерлерінің қауіпсіздігін арттыру жұмыстары Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарының мамандарымен келісілген жұмыс жоспарына сәйкес орындалды.

РБШ алаңындағы «Сіріңке қорапшасы» жобасының шеңберінде өткізілген жұмыстардың нәтижесінде жобаның негізгі мақсаты орындалды – аталған алаңда кез келген ядролық қызмет қалдықтарын шығару әрекетін тоқтататын физикалық тосқауыл құрылып, алаңдар орналасқан жерді меңзейтін бұрын жүргізілген сынақтардың іздері жойылды.

2005 жылы «Көшпенді» жобасы бойынша жұмыстар басталды.

Объект – оң жақ және сол жақ екі инженерлік құрылыстан тұратын конструкция. Сол жақ құрылыста үш  «Колба» контейнері орналасқан.

Қорғаныс тосқауылдарын күшейту үшін «Сіріңке қорапшасы» операциясында қолданылған контейнерлердің қуысын толтыру тәсілі ұсынылды. Дегенмен «Колба» контейнерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ҚР ҰЯО мамандары неғұрлым батыл нұсқа – порталды ашпастан инженерлік құрылыстың сырт жағынан ұңғымалар бұрғылау арқылы контейнерлерге езінді толтыруды ұсынды. Бұл идея жұмысты едәуір қиындатқанымен, штольнядан контейнерлерді алу мүмкіндігін жоққа шығарды.

Біріншіден, сыртқы төбесінен ұңғымалар бұрғылау арқылы бүйірлері сфера түрінде жасалған цилиндр пішінді контейнердің сыртынан қажетті бөлігіне дәл түсуге сенімділік болған жоқ. Оның үстіне тау рельефінің шатқалдығы бұрғылау техникасы орналастырылатын алаң дайындау кезінде айтарлықтай көлемде жарылыс жұмыстарын жүргізуді қажет етті. Дегенмен бұл идеяның жақсы тұстары да болды, өйткені порталды аршып, тікелей «Колба» контейнерлеріне қол жеткізу қажет етілмеді. Контейнерлердің герметиктілігі олардың ішінде ЯҚҚ болуы себепті сыртқы радиациялық фонның айтарлықтай жоғары болуын жоққа шығарған жоқ. Бұған қоса, контейнердің ішіне цемент толтырылған соң оның салмағы бірнеше есе ұлғаятындықтан контейнерді қайтадан кіргізу мәселесі де оңай шаруа болған жоқ. Үшжақты кеңесуден кейін цемент-құм езіндісі порталға жақын орналасқан бір контейнердің ғана ішіне толтырылатындығы, қалған екі контейнерді контейнерлер тұрған бокстың бос жерлеріне бетон езіндісін толтыру арқылы қорғау туралы ымыралы шешім қабылданды.

Сол жақ құрылыстың қорғанысын күшейту жұмыстары құрылыстардың камераларын жұмыс алаңынан арнайы ұңғымалармен ашу және оларды ұңғымалар арқылы бетон езіндіге толтыру жолымен жүргізілді. Диаметрі 105 - 250 мм болатын арнайы ұңғымалар жұмыс алаңының үстінен ұңғыланды.

Рет саны бойынша бірінші іздеу ұңғымасын бұрғылау оң нәтиже берді – бұрғылау снаряды қуысқа бойлай енді. Бейнекамераның көмегімен бірінші ұңғыланған ұңғыма кенжерының контейнерлерге қатысты орны анықталды. 

Контейнерді, штольня қуыстарын толтыру, сондай-ақ орындалатын жұмыс кезеңдерін бейнебақылау үшін барлығы 6 ұңғыма бұрғыланды.

Камераның ішінде бетонның жайылуы бетон құрамының рецептурасымен байланысты оның аққыштығы есебінен, ал соңғы кезеңдерде ұңғыма оқпанындағы бетон баған туындатқан қысым есебінен болды.

Сол жақ құрылыс пен оң жақ құрылыс өзара жалғасып жатқандықтан, сол жақ құрылыстың қорғанысын күшейту мақсатында оң жақ құрылысты күшейту жұмыстары жүргізілді. ЯҚҚ-ға рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу бойынша орындалған іс-шаралар экологиялық жағдайды жалпы жақсартуға ықпал етеді.

Барлық радиациялық-қауіпті жұмыстарды орындау қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Персоналға радиациялық әсер ету деңгейлері Радиациялық қауіпсіздік нормаларында көрсетілген шамалар шегінде болды. Жұмыс кезінде персоналдың ішкі сәулеленуіне жол берілген жоқ.

Орындалған іс-шаралар пайдаланылған ядролық отынды (ПЯО) контейнерлерден алып шығу мүмкіндігін жойып, контейнерлердің механикалық беріктігін арттыруға және салмағын едәуір ұлғайтуға байланысты контейнерлерді іс жүзінде тасымалданбайтындай етуге мүмкіндік берді.

радиоэкология СИП США РГП НЯЦ РК DTRA Российская Федерация скважина защита долговременное контейнерное хранение отходы ядерной деятельности Дегелен "Колба" РФЯЦ ВНИИЭФ ОЯД усиление защиты проекты "Кочевник"